Қарулы күштер мен жылдам қолдау күштері арасындағы қақтығыстың күшеюіне байланысты Қазақстаннның Мысыр мен Эфиопиядағы елшіліктері және Жидда қаласындағы бас консулдығы Қазақстан азаматтарын Суданнан эвакуациялау мәселесін пысықтап келеді.
"Өздеріңіз білетіндей, бастапқыда Судандағы Қазақстанның үш азаматы туралы белгілі болған еді. Бұл туралы өткен жолдары айттық. Кейіннен БАҚ-та ақпарат шыққаннан кейін министрлікке тағы 14 азаматымыз хабарласты. Сонда жалпы 17 азамат болды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, жанжал шиеленіскенге дейін Судан аумағында Қазақстанның 17 азаматы бар екені белгілі болды. Олардың басым бөлігі жергілікті тау-кен компаниясында жұмыс істейді. Біраз бөлігі сондағы халықаралық ұйымдарда жұмыс істейді". Айбек Смадияров
Бүгінде шетелдердің елшіліктерімен бірлесіп, 6 азаматымыз жақын маңдағы елдер арқылы эвакуацияланды. Олар Иордания, Сауд корольдігі, Жидда қаласы арқылы Суданнан шығарылған еді. Біреуі Түркияға кетті.
"Біріккен ұлттар ұйымының ЮНИСЕФ-те қызмет ететін Қазақстанның бір азаматы Иорданиядағы ЮНИСЕФ кампусына орналасты. Ал бір отандасымыз өз қалауы бойынша Біріккен Араб әмірліктерінде қалды. Қалған төрт Қазақстан азаматы елімізге келді. Енді Суданда қалған 11 азаматқа келейік. Олар өздерінің қалауымен Суданда қалатынын айтты. Олардың 10-ы тау-кен зауытында жұмыс істейді. Ал бір азамат - "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымының қызметкері. Ол сол жерде "қаламын, жергілікті азаматтарға көмектесемін" деп қалды". Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі
ҚР СІМ қазақстандықтар жұмыс істейтін компания басшысымен хабарласқан. Жағдай шиеленіскенде олар да елге қайтарылады.
"Сізде біздің 10 азаматымыз жұмыс істейді, егер жағдай шиеленіссе, әрі қарай не істейміз, бірлесіп іс-әрекет жасайық деп келістік. Ол басшының айтуынша, егер жағдай нашарласа, онда біздің азаматтар сол компания қызметкерлерімен елден шығарылады", - деді Айбек Смадияров.