Израильдегі жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылды

7 қазанда Израильдегі әскери саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сырты істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтің мәлімдеуінше, жедел штаб шетелдегі төтенше жағдай кезіндегі іс қимыл алгоритмін дереу орындауға кірісті. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінде Израиль аумағындағы Қазақстан азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін шұғыл байланыс жедел желісі ашылды.

"Осы екі күнде отандастарымыздан 500-ден астам қоңыраулар мен сұраулар келіп түсіп, оларға жауап берілді. Бүгінде Қазақстанның Израильдегі елшілігіндегі консульдік есебінде 77 азамат тіркелген. Елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстанның 5 студенті оқиды. Сонымен қатар 30-ға жуық қазақстандық жергілікті медицина мекемелеріне тағылымдамадан өтіп жатыр. Барлығы - 112 адам", - деді Айбек Смадияров.

Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі ҚР азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен өзара жедел іс қимыл жасау мақсатында арнайы мессенджерде чат құрды.

"Бір уақытта оған Израильде уақытша және тұрақты тұратын 200-ге жуық ҚР азаматы қосылған. Бұл чатта біздің отандастарымыз өздерінің орналасқан жері туралы хабарлап, дипломаттармен тікелей байланыс орнатты. Ал дипломаттар өз кезегінде азаматтарға түрлі мәселе бойынша кеңес беріп, консульдық көмек көрсетіп жатыр", - деп хабарлады ҚР СІМ өкілі.

Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс 7 қазан күні таңертең шиеленісе бастады. ХАМАС Израиль аумағына мыңдаған зымыран атқылаған. Израиль бұған жауап ретінде "Темір қылыштар" операциясын бастады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елдің соғыс жағдайында екенін баса айтты.

Қазақстан Израиль және Палестина
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: