Израиль қорғаныс күштері Газа секторымен шекаралас орналасқан барлық Израиль аудандарын бақылауға толықтай қайтарғанын мәлім етті, деп хабарлады CNN 9 қазанда. ЦАХАЛ ұсынған мәлімет бойынша, қазір Израиль аумағында армия бөлімшелері мен ХАМАС содырлары арасында құрлықта қақтығыстар болып жатқан жоқ.
Times of Israel басылымының жазуынша, ЦАХАЛ-дың бас өкілі, бригада генералы Даниэль Хагари Израильге басып кіріп, бейбіт тұрғындарды өлтіріп, кепілге алған ХАМАС жетекшілерін қатаң жазалауға уәде берді.
"Бұл науқанды Яхья Синвар басқарады, сіз оны қазірдің өзінде өлді деп санай беріңіз. ХАМАС-тың әскери және саяси жетекшілері, сондай-ақ олардың барлық мүлкі біз үшін қол жетімді нысана әрі олардың тағдыры шешіліп қойған". Даниэль Хагари
Соғысушы екі тарап та зымыранмен атқыласып жатыр: Иерусалим мен Тель-Авивте әуе шабуылы туралы ескертулер қайта естілді, Палестина билігінің мәліметінше, Израильдің Газа секторына жасаған жауап соққыларынан қаза тапқандар саны 493-ке жетті. Палестина билігімен шекаралас Кфар Азада кибуцінде Израиль әскері жалғыз палестиналық лаңкестің көзін жойды. Сондай-ақ ЦАХАЛ Газа секторындағы содырлардың бірнеше базасы жойылғанын хабарлады.
Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант баспасөз мәслихатында Израиль әскерлері Газа секторын қоршауға көшкенін айтты.
"Мен Газа секторын толық қоршауға бұйрық бердім. Электр жарығы да, азық-түлік те, жанар-жағармай да болмайды, барлық жолдар жабылған", – деді ол.
Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс 7 қазан күні таңертең шиеленісе түсті. Хамас Израиль аумағына мыңдаған зымыран атқылап, артынша жауынгерлерін жіберген. Израиль бұған жауап ретінде "Темір қылыштар" операциясын бастады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ел соғыс жағдайында екенін айтты.