РИА Новостидің ақпарат көзінің мәлімдеуінше, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израиль және Палестина басшыларымен телефон арқылы сөйлескен.
Ердоған тараптарды атысты тоқтатып, келіссөздерді қайта бастауға шақырды.
Анкара сондай-ақ тараптарға кез келген медиация түрін, соның ішінде көшбасшылар кездесуін ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді. Анкараның дипломатиялық өкілдігі де қақтығысты шешу үшін Батыс елдерімен сөйлесіп жатыр.
7 қазан күні таңертең Израильге Газа секторынан зымыранмен шабуыл жасалды. ХАМАС жауынгерлері зымыранмен жаппай шабуылдардан кейін Израильдің оңтүстігіндегі шекаралық аймақтарға енді.
Палестиналық ХАМАС қозғалысының әскери қанаты Израильге қарсы "әл-Ақса тасқыны" операциясын жариялады. Израиль қорғаныс күштері Газа секторында Хамасқа қарсы "Темір қылыштар" операциясын бастағанын хабарлады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халыққа үндеуінде елдің соғыс жағдайында екенін айтып, резервисттерді кеңінен жұмылдыруды тапсырғанын айтты. Израиль әскері елді мекендерді тазартуға кірісіп кетті.
Израиль-Палестина қақтығыстарының шиеленісуі салдарынан қаза тапқан израильдік тұрғындардың саны 900-ге жетті. Палестина денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, Израильдің Газа секторына жасаған соққылары салдарынан қаза тапқандар саны 687 болған.