Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Газа секторындағы атысты дереу тоқтатуды қолдап дауыс берді

БҰҰ Бас ассамблеясы Израиль қорғаныс күштері мен ХАМАС содырлары арасында шайқас жүріп жатқан Газа секторында дереу атысты тоқтатуды және гуманитарлық бітім жариялауды қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

CNN арнасының хабарлауынша, БҰҰ Бас ассамблеясы Газа секторындағы атысты дереу тоқтатуға дауыс берген. Гуманитарлық бітімге 153 мемлекет қолдау білдірсе, 10 мемлекет қарсы дауыс берді, 23 мемлекет қалыс қалды.

АҚШ, Австрия, Чехия, Парагвай, Папуа-Жаңа Гвинея, Гватемала, Либерия, Микронезия және ергежейлі Науру мемлекеті бітімге қарсы дауыс берді. Қарарды қолдаған елдердің арасында күтпеген жерден АҚШ-тың одақтастары - Аустралия, Канада және Жаңа Зеландия болды.

Бас Ассамблея қақтығысқа қатысушы барлық тараптардан дереу бітімге келуді, халықаралық құқықты сақтауды, гуманитарлық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етуді және "кепілдегілерді ешбір шартсыз дереу босатуды" талап етті.

Дауыс беру 7 қазандағы қақтығыс басталғалы бері халық арасында шығын 18 мың адамға бағаланған Газадағы қақтығыстар аясында өтті.

Бас Ассамблеяның шешімдері саяси маңызды, бірақ құрамына 15 мемлекет кіретін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларынан айырмашылығы міндетті емес. Өткен аптада АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Газа секторында атысты тоқтату туралы қарарына тосқауыл қойды. Израиль билігі де ХАМАС толығымен жойылмайынша БҰҰ-ның талаптарын орындағысы келмейді.
БҰҰ Израиль және Палестина
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: