Күдікті Австрияда SOKO Glas тобы жүргізген трансшекаралық тергеу аясында қолға түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, ол бұл әрекетті жалғыз жасаған.
Тергеу дерегінше, ер адам дүкендерден балалар тағамын сатып алып, оған егеуқұйрық уын қосып, кейін қайтадан сөрелерге қойып отырған. Уланған өнімдер Чехия, Словакия және Австрияның Бургенланд өңірінен табылған. Оларды түбіндегі қызыл жиекті ақ жапсырма арқылы ажыратқан.
Жалпы алғанда, тергеу мәліметі бойынша осындай алты банка болған. Оның бесеуі тәркіленді, біреуі әлі іздестіріліп жатыр.
Күдікті HiPP компаниясынан 2 миллион еуро көлемінде криптовалюта талап еткен. Оны құқық қорғау органдары электронды іздер мен супермаркеттердегі бейнебақылау камералары арқылы анықтаған.
Сараптама әлі толық аяқталған жоқ. Банкілердің бірінен шамамен 15 микрограмм егеуқұйрық уы табылған. Тергеу бұл мөлшер балалардың денсаулығына қаншалықты ауыр зиян келтіруі мүмкін екенін анықтап жатыр.
Қазіргі таңда іс денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әрекет жасау және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіру бабы бойынша қарастырылып жатыр. Егер өлімге әкелетін доза расталса, айыптау "адам өлтіруге оқталу" бабына өзгертілуі мүмкін.