Кыранан ауылы елді мекенінде неке қию рәсімі барысында күйеу жігіттің қалыңдықты үйден шығарып алу дәстүрі орындалып жатқан сәтте оқ атылған.
Денизли провинциясының Чиврил ауданында болған оқиғаға қатысты Milliyet басылымы мәліметінше, үйлену кортежіне қатысқан 15 жастағы жасөспірім қалыңдық үйден шыққан сәтте мылтықты аспанға атуға тырысқан.
Алайда алдын ала дерек бойынша, атылған оқтың бытырасы жерге тиіп, кейін жан-жаққа шашырап, тойға жиналған адамдарды жаралаған. Нәтижесінде 11 адам түрлі дене жарақатын алған.
Оқиға орнына жедел медициналық қызмет жетіп, зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуі кейін Денизли қаласындағы медициналық мекемелерге ауыстырылған. Қалған науқастардың жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Оқиғадан кейін жергілікті жандармерия тексеріс бастаған. Күдікті ретінде 15 жастағы жасөспірім ұсталып, жауап алуға жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Чикаго қаласында адамдар тобына көліктен оқ атылғаны туралы хабарланған болатын.