The Verge басылымының жазуынша, мұндай шешім компания J.D. Power рейтингінде соңғы 16 жылда алғаш рет автокөліктердің бастапқы сапасы бойынша көш бастағаннан кейін қабылданған.
Ford компаниясының автомобильдік инженерия жөніндегі вице-президенті Чарльз Пунның айтуынша, компания жасанды интеллектіні енгізу мен жобалау талаптарын қайта қарау ғана сапалы өнім шығаруға жеткілікті болады деп қателескен.
"Біз жасанды интеллектіні енгізіп, жобалау талаптарын өзгерту арқылы ғана сапалы өнім аламыз деп ойладық. Бұл – қате шешім болды", – деді ол.
Белгілі болғандай, тәжірибелі мамандардың едәуір бөлігі өз білімдері мен тәжірибесін автоматтандырылған жүйелерге толық енгізіп үлгермей жатып компаниядан кеткен. Соның салдарынан Ford бұрынғы қызметкерлерінің бір бөлігін қайта шақырып, олардың көмегімен жүйелерді қайта оқытып, жинаған тәжірибесін жас инженерлерге жеткізуге кірісті.
Жалпы компания 350-ден астам тәжірибелі инженерді жұмысқа қабылдап, қызметін жоғарылатып немесе қайта жұмысқа қайтарды.
Басылымның мәліметінше, соңғы жылдары Ford өнім сапасына қатысты елеулі қиындықтарға тап болған. Компания көліктерді кері қайтарып алу көрсеткіші бойынша салада алдыңғы орында тұр. Бұған қоса, Explorer және Aviator модельдерін нарыққа шығару кезіндегі қиындықтар, пандемия кезіндегі жеткізу тізбегінің үзілуі және сервистік науқандар санының артуы жағдайды одан әрі күрделендірген.
Еске салсақ, 1 маусымда Toyota соңғы жылдардағы ең экстремалды Corolla моделін таныстырған болатын.