Үш шетелдік туристі іздеуге Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы техникасы бар бес құтқарушысы, Шекара қызметінің бес қызметкері және Швейцария азаматтары – екі ерікті гид тартылды.
"8 тамызда іздеу шараларына сегіз құтқарушы қосылды. Жұмыстар шамамен 5 мың метр биіктікте жүргізілуде. Кейін құтқарушылар сол жерде түнеп қалды", – деп мәлімдеді ТЖМ.
Беларусьтің Қырғызстандағы елшілігі жергілікті билік органдарымен және жоғалып кеткен Беларусь азаматтарының туыстарымен тұрақты байланыста. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, альпинистер Курумды шыңына Памир-Алай мен Заалай жотасының (Чоң-Алай жотасы) солтүстік қыры арқылы көтерілгеннен кейін байланысқа шықпай кеткен.
Жоғалған альпинистердің жақындары оларды іздеуге қаражат жинау үшін арнайы сайт ашқан.
Альпинистердің бірі – 43 жастағы Максим Полянский. Ол Колодищи қалашығында тұрады.
Сурет: kurumdy
Максим инженер-конструктор болып жұмыс істейді. Ол радиациялық бақылау құралдарын әзірлейді. Бұған дейін бұрынғы КСРО аумағындағы биіктігі 7 мың метрден асатын бес шыңның барлығын бағындырған. Олардың арасында ең қиын саналатын Победа шыңы және Памирдің түкпірінде орналасқан, Революция шыңы да бар. Таудан бөлек, Максим велосаяхатқа, үңгірлер мен жартасқа шығуға қызығады.
Топтағы екінші Беларусь азаматы – Солигорск қаласының 60 жастағы тұрғыны Николай Свиридов.
Сурет: kurumdy
Ол да инженер, туризм бойынша спорт шеберлігіне кандидат. Топтағы ең тәжірибелі альпинист. Николай бұрынғы КСРО аумағындағы биіктігі 7 мың метрден асатын бес шыңның барлығына, соның ішінде Революция шыңына да көтерілген.
Олармен бірге тауға Литваның Вильнюс қаласының тұрғыны, 37 жастағы Сергей Рубцов барған. Ол бұған дейін Максим Полянский және Николай Свиридовпен бірге Памирдегі ең шалғай әрі жетуі қиын шыңдардың бірі – Революция шыңын бағындырған.
Сурет: kurumdy
Жоғалған альпинистердің жақындары оқиғаның мән-жайын баяндап берді.
20 шілдеде топ Ош қаласына ұшып келіп, шекарадан өтуге қажетті рұқсаттарын алды. Кейін Қызылсу өзені шатқалындағы бағыттың басталатын жеріне келген. Спутниктік телефонды іске қосу мүмкін болмаған. Сондықтан бұдан кейін байланыс тек Қытайдың ұялы байланыс операторы арқылы, оның өзі де анда-санда ғана болған.
27-28 шілдеде альпинистер бірінші лагерьден байланысқа шығып, "Бәрі жақсы, жоспар бойынша келе жатырмыз" деп хабарлаған. Олар лагерьдің координаттарын да жіберген.
30 шілдеде топ 5 660 метр биіктікте болған. Ол кезде альпинистер жоспардан бір күнге кешігіп келе жатқанын айтқан.
1 тамыз күні сағат 10:30-да үш альпинист те Курумды шыңына (6 613 метр) солтүстік қыры арқылы көтерілген.
2 тамызда олар соңғы рет байланысқа шыққан. Альпинистер 4 тамыз күні сағат 10:00-де маршруттан шығып, көлікке отыруға дайын болатынын хабарлаған.
Алайда 4 және 5 тамызда жүргізуші келісілген жерге екі рет барғанымен, альпинистер ол жерге келмеген. Осыдан кейін оларды іздеу жұмыстары басталды.
Іздеу жұмыстарының мүмкіндігі шектеулі. Құтқару топтарында биік тауда жұмыс істейтін арнайы мамандар жоқ. Сондықтан мұндай мамандарды, сондай-ақ тікұшақты жалдау шығынын жоғалған альпинистердің отбасылары өздері көтеріп отыр. Тікұшақ – маршруттың жоғарғы бөлігін тексеріп, альпинистер табылған жағдайда оларды таудан алып шығудың жалғыз мүмкіндігі.
Бұған дейін Пәкістандағы қар көшкіні салдарынан әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған тәжірбиелі он альпинистің қаза болғанын жазғанбыз.