Үндістанда қабылан балаға шабуыл жасап, мерт қылды
Сурет: magnific
ETV Bharat телеарнасының сайтының мәліметінше, оқиға Джунагадх ауданында Дивали мерекесі кезінде болған. Жыртқыш Чхоту Кайлаш есімді балаға кешкі уақытта шабуыл жасап, мойын тұсынан ауыр жарақаттаған.
"Мадхья-Прадеш штатынан жұмыс іздеп келген баланың ата-анасы ұлын шұғыл түрде медициналық орталыққа жеткізген. Алайда дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтады. Сол түні отбасы баланың мәйітін жерлеу рәсімін өткізу үшін туған жеріне алып кеткен", – делінген хабарламада.
Жергілікті орман шаруашылығы департаменті қауіпті жыртқышты ұстау үшін арнайы операция бастаған. Ауданның бірнеше жеріне арнайы торлы қақпандар орнатылған.
Айта кетейік, соңғы уақытта аталған ауданда жабайы жануарлардың балаларға шабуылы жиілеген. Қыркүйек айының соңында қабылан тағы бір ауыл шаруашылығы жұмысшысының қызын өлтірген. Ал бірнеше күннен кейін тағы бір қыз бала жыртқыштың шабуылынан ауыр жарақат алғанымен, емделіп, аман қалған. Бұл – өңірде соңғы 45 күнде болған осындай үшінші оқиға.
Бұған дейін Үндістанда 60 жастағы шопан қолтырауынның шабуылынан қаза тапқан болатын. Зейнеткер жыртқышпен жарты сағат бойы арпалысып, аман қалуға тырысқан.