Independent басылымының мәліметінше, Жапонияның ең қарт тұрғыны Сигэко Кагава 115 жыл 91 күн өмір сүрген.
Жапон әйел 1911 жылғы 28 мамырда дүниеге келген. Ол медициналық колледжді бітіріп, жеке клиника ашқан. 80 жасқа дейін акушер-гинеколог болып жұмыс істеген, сондай-ақ тырысқақпен ауырған науқастарды емдеген. 1947 жылы тұрмысқа шығып, бір қыз тәрбиелеген, кейін немере сүйген.
Зейнетке шыққаннан кейін де ол көпшіліктің назарында болды. 2021 жылғы сәуірде 109 жасында Кагава Токиода өткен Олимпиада ойындарының алдында тарихтағы ең қарт алаугер атанды.
"Барлығы мені қолдайды деп күтпедім. Мен өте бақыттымын", – деген еді ол сол кезде.
Осындай қарт жасына қарамастан, Кагавада созылмалы аурулар болмаған және ол дәрі-дәрмекті өте сирек қабылдаған. Есту қабілеті біршама нашарлағанымен, еркін сөйлесе алған. Көзі де теледидар көруге және газет оқуға жеткілікті деңгейде жақсы болған.
Ұзақ өмір сүруінің сыры туралы сұраққа Кагава:
"Жүру және миыңды пайдалану", – деп жауап берген.
Дәрігер болып жұмыс істеген кезінде ол көп жаяу жүрген. Клиникадан науқастың үйіне бару қажет болса, бірнеше шақырым жолды жаяу жүріп өткен кездері болған.
Сонымен қатар ол ақыл-ой белсенділігін сақтауға тырысқан: каллиграфиямен айналысып, суреттердегі айырмашылықтарды табуға арналған жұмбақтарды шешкен.
Туыстары да оның ұзақ өмір сүруін қарапайым әрі тұрақты күн тәртібімен байланыстырған.
"Оның күнделікті өмірінде айтарлықтай өзгеріс болмайтын. Аз тамақтанғанымен, күніне үш рет толыққанды тамақтанады, белгілі бір уақытта ұйықтап, белгілі бір уақытта оянады және әдеттегі өмірін жалғастыра береді", – деген оның жақындары.
Кагава қайтыс болғаннан кейін Жапониядағы ең қарт адам атағын Киотода тұратын 114 жастағы Фуйо Кисимото иеленді.