Daily Express басылымының жазуынша, Паростың басты артықшылықтарының бірі – тыныштығы. Әсіресе әйгілі көршілерімен салыстырғанда, мұнда туристердің қарасы қалың емес.
Киклад аралдарындағы ең көрікті дәстүрлі ауылдардың кейбірі мен ондаған тамаша жағажай Пароста орналасқанымен, арал маңайдағы Миконос пен Санторини сияқты туристерге лық толы емес. Яғни мұнда адам көп жиналмайтын классикалық кикладтық демалысты тамашалауға болады.
Паростағы жағажайлар да алуан түрлі. Аралда барлығы 39 жағажай бар. Олардың арасында адам аяғы сирек басатын, оңаша демалып, теңізде жалғыз шомылуға болатын жерлер де, жағажай клубтары мен су спортына арналған мүмкіндіктері бар танымал әрі кең жағажайлар да кездеседі.
Парос өмірдің баяу ырғағы, жайпақ табиғаты және басқа таулы аралдарға қарағанда жүруге ыңғайлы жер бедері арқасында жасы үлкен демалушыларға ерекше қолайлы.
Жартастары биік әрі баспалдақтары көп аралдарға қарағанда, Паростың жер бедері әлдеқайда тегіс. Бұл буындарға түсетін салмақты азайтады.
Наусса – аралдың көрікті жерлерінің бірі әрі оның басты символдарының саналады.
Аралдың солтүстік жағалауында орналасқан Наусса кезінде көрікті балықшылар ауылы болса, бүгінде Эгей теңізіндегі ең тартымды орындардың біріне айналған. Мұнда көптеген сәнді бутиктер мен ашық аспан астындағы көңіл көтеру орындары бар. Түнгі өмір негізінен ашықхаттағыдай әсем көрінетін көркем айлақтың айналасында шоғырланған.
Бұл жерде адамдар көп болғанымен, қарбалас шамадан тыс емес, атмосферасы жайлы.
Паростағы ауылдық өмір тек жағалаумен шектелмейді. Жағалаудағы қалалардан тыс орналасқан Лефкес, Марписса, Продромос, Костос және Дриос елді мекендерінде туристер маусымдық фестивальдерге, діни мерекелерге және қоғамдық іс-шараларға куә бола алады. Бұл оларға тек ашықхаттағыдай әдемі пейзаждарды тамашалап қана қоймай, жергілікті мәдениеттің шынайы атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.