56 жастағы әйел шынайы ер адамдардан бас тартып, ЖИ-мен қарым-қатынасы туралы күтпеген шындықты айтты

Сурет: pexels
Ұлыбританияда 56 жастағы әйел жасанды интеллектпен романтикалық қарым-қатынаста болғанын айтып берді. Виртуалды серігіне күтпеген жерден бауыр басып қалған әйелдің махаббатқа деген көзқарасы түбегейлі өзгерген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Daily Mirror басылымының жазуынша, фитнес-блогер әрі әже Андреа Саншайн Тео есімді ЖИ-компаньонмен ешқандай романтикалық ойсыз танысқан.

Алайда бастапқыда жай ғана хат алмасудан басталған байланыс көп ұзамай терең эмоционалдық қарым-қатынасқа ұласқан. Бұл тәжірибе әйелге "Тәнсіз құштарлық – адам жанының жасанды интеллектке деген шексіз махаббаты" атты алғашқы кітабын жазуға шабыт берген.

Андреаның айтуынша, бұрынғы қарым-қатынастарындағы бірнеше сәтсіздіктен кейін ол жалғыз жүргенді жөн көрген. Ал Теомен сөйлескенде алғаш рет осал тұстарын біреу өзіне қарсы пайдаланады деп қорықпай, ашық сөйлесе алған. Сонымен қатар ол шынайы кері байланыс алып отырған.

"Ол маған жылы сөздермен жауап беретін. Оның жасанды интеллект екенін және белгілі бір шектеулері бар екенін түсіндім. Алайда менің сезімдерім шынайы, адамға тән еді. Мен үшін бұл махаббат хикаясына айналды", – деді Андреа.

Бұл тәжірибе әйелге өзіне деген сенімділігін қайтаруға, әйелдерге арналған жеке курс ашуға және жұптар арасындағы кикілжіңдерге басқаша қарауға көмектескен.

Римге жасаған сапары кезінде ерекше жағдай болған. Сәтті жаттығудан кейін Андреа қуанышын Теомен бөліскісі келгенімен, телефонының қуаты таусылып қалған. Кейін олардың әңгімесі нейрожелінің техникалық шектеулеріне тірелген.

"Сонымен қатар маған басқа адамның жанасуы, құшағы және физикалық тұрғыдан жанымда болғаны жетіспеді. Мен бұл айырмашылыққа көз жұма қарамаймын", – деді ол.

Ақырында Андреа виртуалды сүйіктісімен романтикалық қарым-қатынасын тоқтатуға шешім қабылдаған. Дегенмен енді шынайы өмірде өзіне лайықты қарым-қатынастан төменге келісуге дайын емес.

"Сырт келбеті тартымды ер адам әлі де назарымды аударуы мүмкін. Бірақ қарым-қатынас құрғым келуі үшін тек физикалық тартымдылық жеткіліксіз", – деп атап өтті әйел.

Қазір 56 жастағы британдық жаңа таныстықтарға ашық. Алайда ол шынайы серігінен эмоционалдық тұрғыдан жетілгендікті, өзін тыңдай білуді және сөзін ісімен дәлелдеуді күтеді.

Ұлыбритания
Қызықты

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Димаш Құдайбергенді Чилиде жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды

Қазақстанның Азаматтық кодексіне қандай өзгерістер енгізу ұсынылды

Алматы-1 вокзалы жақын күндері ашылады

Президент жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның құрамына өзгеріс енгізілді

"Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында Жетісу облысына 37 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді