Қызылорда облысы егін ору науқанына дайын

Биыл Қызылорда облысы басшысының ерекше қолдауымен егісті тұрақты суаруға бөлінген 3,8 миллиард текше метр су пайдалану лимитіне сәйкес, барлығы 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өткен жылмен салыстырғанда дәнді-дақыл 4,8 мың гектарға артық егілді. Жалпы, егін жинау науқанына қатысты ақпаратты Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев айтты.


Сурет: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


"Осы жылы облыс бойынша 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, дәнді дақылдар - 99,9 мың га, майлы дақылдар - 4,5 мың га, мал азықтық дақылдары - 69,2 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары - 19,8 мың га. Негізгі дақыл күріштің көлемі 89 мың гектарды құрады. Егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында 1192 гектарға дән жүгері, 1447 гектарға сүрлем жүгері, 179 гектарға күнбағыс, 64 гектарға соя дақылы, 5 гектарға қант қызылшасы, 195 гектарға қант құмайы егілсе, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 872,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Сонымен қатар, 4239 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы 100%-ға жөндеуден өткізіліп, күзгі егін жинау жұмыстарына қатысуда".  Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев

Былтыр күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуге 9,1 мың тонна мемлекет тарапынан арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Айта кету керек, қазіргі күні облыс шаруашылықтары егін жинау науқаны бойынша ерте егілген дақылдарды жинау жұмыстарын толық аяқтады. Бүгінде 4,3 мың гектар күздік бидайдан 7 мың тонна өнім жиналса, 4,4 мың гектар жаздық бидайдан 3,2 мың тонна өнім жиналған. Ал, 365 гектар арпадан 209 тонна өнім алынды. Ал, аудандармен бірлесіп алдын ала жасалынған кестеге сәйкес, 25 тамызынан күріш жинау басталса, 10 қазанда оны аяқтау жоспарлануда.

Қызылорда
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: