Таңбалама – сенім негізі: Семейдегі тауар сараптамасы нені көрсетті

2024 жылдың шілде айының басында "MOТҚҚҚ" ҚБ ұйым өкілі Семей қаласындағы дүкендердің бірінен "құпия сатып алушы" әдісімен бірнеше азық-түлік өнімдерін сатып алған, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі Қазақстанның тұтыну нарығындағы қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын жалғастыруда.

Бұл зерттеудің мақсаты – өнімдердің азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына қаншалықты сай екенін, сондай-ақ, тұтынушылар үшін маңызды болып табылатын таңбалама стандарттарына сәйкестігін анықтау болды.

Кешенді сараптама жүргізу үшін келесі өнімдер:

  1. "ДЭМА" ЖШҚ (Ресей) салмағы 115 г "Печень трески" балық консервісі;
  2. Саңырауқұлақтар, салмағы 200 г;
  3. "Южморрыбфлот" АҚ (Ресей), салмағы 220 г "Салат из морской капусты" "Дальневосточный" теңіз қырыққабаты консервісі таңдалды.

Сурет: Жанна Биятан

Өнімдер "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ "СЕМЕЙ" филиалының аккредиттелген зертханасына сараптамаға жіберілді. 2024 жылдың 17 шілдесіндегі № 1095/1, 1096/1 және 1097/1 хаттамаларында тіркелген зерттеу барысында мамандар тауарлардың қауіпсіздік талаптар мен Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігін тексерді.

Сурет: Жанна Биятан

Сараптама нәтижелері

  1. "Печень трески" консервіленген балығы: Өнімнің таңбаламасы тек орыс тілінде жазылған. Кедендік одақ елдерінің аумағында өнімнің техникалық регламенттерге сәйкестігін растайтын, көпшілікке таныс EAC белгісінің болуына қарамастан қазақ тіліндегі ақпараттың жоқтығы – тауарды кейбір қазақстандық тұтынушылар үшін қолжетімсіз етеді. Өйткені, мемлекеттік тілдегі ақпарат заңға деген құрмет қана емес, ол еліміздің әрбір азаматының құқығын сақтаудың көрінісі.
  2. Саңырауқұлақтар: Қаптамада барлық дерлік қажетті ақпараттар табылмады: атауы, құрамы, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары көрсетілмеген және өнімнің тағамдық құндылығы туралы мәлімет жоқ. Өндіруші мен өндірушінің орналасқан жері туралы да ештеңе жазылмаған. EAC белгісінің және өнімнің стандарттарға сәйкестігін растайтын құжат туралы ақпараттың болмауы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты мәселелерді тудырады. Мұндай жағдайда тұтынушы не сатып алып тұрғанын түсінбейді.
  3. Теңіз қырыққабат салаты. Өнімнің қаптамасындағы барлық ақпарат тек орыс тілінде берілген. Бұл тұтынушылардың тауар туралы толық және қолжетімді ақпаратты мемлекеттік тілде алу құқығын шектейді.

Сурет: Жанна Биятан

Бұл үш тауарды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қатысты жалпы сәйкессіздік біріктіреді: Қазақстан Республикасы "Тұтынушылардың құқықтары туралы" заңының 25-бабы 7-тармағына сәйкес, мемлекеттік тілдегі ақпараттың жоқтығы, оны қамтамасыз етпеу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 1-бабы 1-тармағының 282-тармақшасында айқындалған қауіпсіздік стандарттарын бұзу – бұл тұтынушылардың денсаулығына анағұрлым қауіп төндіруі мүмкін.

"Көптеген тұтынушылар таңбаламаның маңыздылығын жете бағалай бермейді. Дегенмен, өнімнің қаптамасында қажетті ақпараттар көрсетілмесе, бұл тұтынушылардың денсаулығына ықтимал қауіп төндіреді. Толық емес немесе сенімсіз ақпарат өнімді таңдауға әсер етіп, жағымсыз салдарын тигізері хақ. Азық-түлік өнімдеріне қатысты дұрыс таңбалама өнімнің құрамынан хабар беріп қана қоймай, сонымен қатар аллергиялық реакциялар немесе мерзімі өтіп кеткен өнімдерді тұтыну сияқты ықтимал қауіптердің алдын алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл мәселедегі ашықтық қауіпсіздік пен кәсіпкерлерге деген сенімді арттырады" Алия Алибекова, "MOТҚҚҚ" ҚБ сарапшысы

"MOТҚҚҚ" ҚБ тұтынушыларға да, кәсіпкерлерге де қамқорлық көрсетудің маңыздылығын атап өтеді. Таңбалама ережелерін сақтау – бизнеске айыппұлдар салу мен шағымдардан аулақ болуға және тұтынушыларға қауіпсіз таңдау жасауға көмектеседі. Қаптамадағы дұрыс және толық ақпарат өнімге деген сенімділікті, тұтынушылардың ниеттестігін арттырады.

Таңбалама – жапсырмадағы жәй мәтін емес. Бұл мүмкін болатын қауіпті немесе сапасыз өнімдердің нарыққа енуіне жол бермеуге көмектесетін тетік. Таңбалама талаптарын елемейтін компаниялар тұтынушылардың денсаулығына ғана емес, олар өз беделдеріне де қауіп төндіреді. Шынында да, ашық нарықта тұтынушылар барлық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін тауарларға көбірек басымдық береді.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес "МОТҚҚҚ" қоғамдық ұйымы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ жарнама болып табылмайтын және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал ететін басқа да ақпараттарды таратуға құқылы.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram-дағы OZPP.KZ парақшасына хабарласуға болады.

Қазақстан Тұтынушылық бақылау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: