9 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысының оқушылары өз аймағында ерекше олжаны тапты. Ол - теңізде өмір сүрген барлық динозаврлардың атасы ежелгі ихтиозавр. Бұрын кездеспеген бұл түр бүкіл ғылыми ортаны елең еткізді. Ал сол кездегі жас геологтар бүгіндері өз саласының мамандарына айналып, туған өлкенің минералды байлығын кәсіби түрде зерттеуде. Кезінде "Жас геолог" қоры бастарын біріктірген олар Қазақстанда 10 жылдан бері өткізіліп келе жатқан далалық олимпиадалардан шабыт алған еді.
Қордың қолдауымен кәсіби бағдар беруші кездесулер еліміздің түрлі өңірлерінде ұйымдастырылуда. Ал 2025 жылы олимпиада аясында жоғары сынып оқушыларынан тұратын 15 команда және геология саласындағы мамандарды даярлау бойынша Қазақстанның жетекші оқу орны – Семей қаласының геологиялық барлау колледжінде кәсіпқойлардың тұтас пулы жиналды.
Далалық олимпиадаларды өткізу дәстүрі өткен ғасырдың 60-жылдарында, аталған мамандық түрі маңызға ие бола бастаған кезде пайда болды. 90-шы жылдары Қазақстан бұл дәстүрден біраз уақытқа ажырап қалды және геологтар ұрпақтары арасындағы сабақтастық үзілді. Алайда, 2014 жылы тау-кен және мұнай-газ өндіру ардагерлерінің арқасында жас геологтар үйірмелері қайта жандана бастады. Бұл қозғалысқа ден қоюшылардың бірі - "Жас геолог" қорын басқарған Жанат Исмаилова.
Сурет: Zakon.kz/Бану Әлиева
"Біз алғаш құрылған кезде Қазақстанда тек жеті белсенді үйірме болды, қазір біз ынталы оқушылар айналысатын 50-ге жуық ұйымның басын біріктіріп отырмыз. Біздің қор олимпиадаларды ұйымдастыруға көмектесіп, әдістемелік материалдар жинайды, түрлі елдерден қонақтар шақырады. Мұндай далалық олимпиадалар жыл сайын өткізіледі. Жеңімпаздар халықаралық сапарларға жіберу үшін іріктеуден өтеді. 2015 жылдан бастап оқушылар Бразилия, Жапония, Франция, Таиланд, Қытай, Оңтүстік Кореяда болды. Мұндай олимпиадалар біздің елімізге қажет, өйткені бұл ерте кәсіптік бағдарды анықтауға көмектеседі", - деді "Жас геолог" қорының директоры Жанат Исмаилова.
Олимпиадаға қатысушылар біздің планетамыздың қатты қабатында не барын жақсы біледі, асыл тастармен шатастырып алуға болатын әртүрлі минералдардың қайда және не үшін қолданылатынын да оп-оңай айтып бере алады. Өздері де жеке және мектеп коллекциялары үшін бірнеше рет тамаша үлгілерді тауып, қазып алған. Енді олар болашақта кім болғысы келетінін жақсы біледі.
"Үйірмелерге қатысушы көптеген бала жоғары сыныптарда гидрофизика, гидрогеология және т.б. бағытты таңдай бастайды. Судьялардың өзі олимпиадаға қатысушылардың кейбірі "ересектер" деңгейіне жеткенін айтады", - деп атап өтті Жанат Исмаилова.
Сурет: Zakon.kz/Бану Әлиева
Жас геологтардың республикалық олимпиадасы 8-15 шілде аралығында өтеді. Осы күндері жоғары сынып оқушылары бірнеше пәндер бойынша білімдерін сынайды: дала тұрағын ұйымдастыру, палеонтология, магнитометрия, минералогия және петрография, шлихті сынау, гидрогеология, геологиялық қима. Олар мұнай мен газды іздеуге тырысып, геологиялық маршрут түзеді, бірегей аспап – магнитометрмен жұмыс істейді. Бұл кәсіби жабдықтар балалар үшін арнайы алдыртылып, қазіргі жағдайда кен орындарын қалай табуға болатыны көрсетіледі.
"Қазақмыс" компаниялар тобы жыл сайын олимпиадаға демеушілік жасайды. Мысалы, біздің Qazaq Geophysics еншілес сервистік ұйымы жыл сайын өзінің геофизикалық жабдықтарын осы олимпиадаға ұсынады. Биыл біз GSM-19 құрылғысындағы магнитометрия сияқты аспапта зерттеу жүргіздік. Осылайша, біз балаларға геофизик болуға мүмкіндік береміз. Алдымен балалар алаңдық түсірілім жүргізеді, тау жыныстарының магниттік қасиеттерін өлшейді, өлшемдерін журналға жазады, содан кейін нақты геофизикалық карталар жасайды", – деді олимпиаданың бас төрешісі, Kazakhmys компаниясының қызметкері Нұрғаным Есімханова.
Далалық олимпиадалар демеушілердің қолдауымен өтеді. Олар балалардың жолына, тамағына, тұру орнына, арнайы киіміне кететін шығындарды төлейді. Kazakhmys тау-кен және металлургия компаниясы "Жас Геолог" қорына ашылған алғашқы күнінен бастап үлкен көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар, мектеп кабинеттерін жабдықтайды, студенттердің оқу ақысын төлейді, жұмысқа орналасуға көмектеседі және кәсіптік бағдар беру жұмысын қолдайды. Мысалы, корпорация Астана қаласының НЗМ жанындағы "Альтаир" геологтар үйірмесін өз қамқоршылығына алған, оның жас өкілдері үнемі жүлделі орындарға ие болады.
Осы клубтың мүшесі Дильназ Нұрхамит те Семейге келді. Ол "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде оқып, алған білімін Қазақстанда сынап, кен орнын ашып, Қаныш Сәтбаев атасы секілді болуды армандайды.
Сурет: Zakon.kz/Бану Әлиева
"Мен геологиямен екі жылдан бері айналысып келемін және бұл мамандықтың қыздарға да келетініне көзім жетті. Ең бастысы - өз қызығушылығыңды анықтау. Ал мен мұнай мен газ қалай өндірілетінін айтып берген университеттен келген ұстаз дәрісінің арқасында бұл бағытқа қызыға бет бұрдым. Жыл сайын біздің үйірме мүшелері экспедицияға кемінде екі рет шығады. Мысалы, мен Қарағандыда болып, геолог мамандарын тәжірибеде өз көзіммен көрдім", - деді Олимпиадаға қатысушы, Астанадан келген "Альтаир" геологиялық үйірмесінің мүшесі Дильназ Нұрхамит.
Сурет: Zakon.kz/Бану Әлиева
Жас геологтардың далалық олимпиадасы оқушылардың геология ғылымдарын зерттеуге деген қызығушылығын арттыруға, олардың қолданбалы маңыздылығын насихаттауға, дарынды балаларды анықтауға және оларды қолдауға арналған. Олимпиада жеңімпаздары еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының оқу грантына ие болады.
"Kazakhmys Barlau" ЖШС атқарушы директоры Қадыржан Қауылдашев атап өткендей, жас геологтар олимпиадасы - бұл еліміздің түкпір-түкпірінен ең ынталы және өз мақсатына ұмтылғыш балаларды біріктіретін тамаша платформа.