Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Астана қаласында өткен Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
"Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне "Ұлттық" мәртебе беру туралы шешім қабылдадым", – деді Мемлекет басшысы.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл – университет тарихындағы маңызды белес әрі ұжымға артылған үлкен сенім екенін баса айтады.
"Мемлекет басшысының бұл шешімі оқу орнының көпжылдық тарихына, ғылыми әлеуетіне, қалыптасқан білім беру дәстүріне және ел дамуына қосқан үлесіне берілген жоғары баға", - дейді қала әкімі.
Оның айтуынша, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті - Қазақстан Республикасының ірі көпсалалы университеті, өңірдің ғылыми-білім беру, зияткерлік, мәдени орталығы.
Университетте аймақ, республика және әлемдік кеңістік экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің барлық секторлары үшін мамандар даярланады. Auezov University республиканың жоғары білім беру саласындағы ең жарқын брендтерінің бірі болып табылады және өз қызметін ғылым мен білім беру саласындағы мемлекеттік саясат, инновациялық және жастар саясаты қағидаттарына сәйкес, жоғары білім беруді дамытудың екпінді өзгеріп отыратын жаһандық трендтерін ескере отырып жүзеге асырады.
"Университет жаңа құзыреттіліктерді қалыптастыруға, зерттеушілік ойлау мен мәдениетті тарататын көшбасшыны дайындауға бағытталған", деп нақтылайды қала әкімі.
Сурет: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Айта кетсек, аталған өңірдегі ЖОО 1943 жылы құрылып, Шымкент қаласындағы 76 техникалық және гуманитарлық мамандықтар бойынша білім беретін көпсалалы білім ордасы ретінде танылды. Сұрапыл соғыстың нағыз қайнап тұрған кезінде, 1943 жылдың 19 маусымында Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осылайша қирап қалған мыңдаған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіру үшін құрылыс ісінің инженер мамандарын даярлау қажеттігін ел басшылары күні бұрын ойластырған болатын.
Ал 1958 жылы оқу орнынның басшылығына Біләлов келді. Ол басшылық еткен аз уақыт ішінде институтта республика экономикасының дамуына аса қажетті салалар бойынша мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп, Қазақ технология институты болып қайта құрылған институт еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды.
Бертінде, 1993 жылы Қазақ химия-технология институты Оңтүстік Қазақстан Техникалық университеті болып қайта құрылып, оқу орны еліміздегі жетекші техникалық оқу орнының бірі болды. 1996 жылы оқу орны Қазақ химия-технологиялық университеті болып аталды, ал 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірігуі негізінде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Осылайша Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университеті Шымкент педагогикалық мәдениет институты мен Шымкент дене тәрбиесі институтының қосылуы нәтижесінде пайда болған еді.
Жалпы, Қазақстанда ұлттық мәртебеге ие 13 университет бар. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ); Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ); Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (Satbayev University); С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (ҚазҰМУ); Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ); Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ); Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (ҚазҰҚПУ); Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті (ҚазҰӨУ); Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (ҚазҰӨА); Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы; Қазақ ұлттық хореография академиясы; Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті; Қазақ ұлттық спорт университеті. Енді олардың қатары Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен толығып отыр. Аты аталған ЖОО-лардың басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында орналасқан, ал өңірден ұлттық мәртебені Тараздан кейін Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті иеленіп отыр.