Балалар жылында Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгерістер енгізді. Биыл халықтың әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан астам бала мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болады.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгеріс енгізілді. Енді ақша ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқкиімін, кеңсе тауарларын және тағы басқа өз бетінше таңдай алуы үшін беріледі. Бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және тауардың көлеміне, сапасына және тағы басқа байланысты мәселелер туындайтын.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көп балалы аналармен бір емес, бірнеше рет кездесіп, әкімдіктермен мәселелерді талқылап, олардың тілектерін ескере отырып, әлеуметтік осал балаларға көмек көрсету ережелерін өзгертуге бастама жасады. Ата-аналардың шотына ақша тікелей түсіп, мектеп формасын, кеңсе тауарларын және балаларға арналған аяқ киімді өз бетінше таңдай алуы үшін заңнамаға түзетулер енгіздік, – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары.
«Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сонымен қатар АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және тағы басқа материалдық көмек алады.
Мектептерді қаржыландыруды, оның ішінде оқушыларды қолдауды әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алуға тиісті барлық балаларға кемінде 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бұл ең төменгі сома, ал бұрын сомалар әртүрлі болды - 17 мың, 20 мың және 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін еді. Бүгінде ең төменгі мөлшерден артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар да бар. Біз бұны тек құптаймыз. Қаражаттың ұлғаюы бұл көмекті алатын 418 мыңнан астам балаға өң әсер етеді, – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.