Атыраудағы "Қазақ ұлттық қыздар мектебіне" қатысты туындаған сұрақтарға жауап берілді

Бұған дейін БАҚ беттерінде Атырауда жаңадан ашылған "Қазақ ұлттық қыздар мектебінде" бүлдіршін қыздардың құқығын таптап, бет-жүзін тұмшалауға итермелейтіні туралы ақпарат шыққан. Осыған қатысты ресми органдардан жауап алынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полиция департаменті білім беру ұйымына қатысты ақпаратты білім саласы тексеретінін, тек қылмыс құрамы болса ғана іс өздеріне жолданатынын жеткізді. Ал қазір полицияға мұндай негізде факт келіп түспеген. Ал Атырау қалалық білім бөліміндегі дереккөз жаңадан ашылған "Қазақ ұлттық қыздар мектебі" қалалық білім бөліміне бағынышты емес, жеке меншік білім беру ұйымы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ақ Жайық басылымы.

Жаңадан ашылған білім беру ұйымдарына лицензия беру Атырау облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің құзыретінде. "Қазақ ұлттық қыздар мектебі" Ұлттық білім беру деректер қорында тіркелген, ал лицензиясы туралы мәліметтер жоқ, - деп хабарлады қалалық білім бөлімі.

Атырауда қазіргі уақытта 14 жеке меншік білім беру ұйымы бар, онда 2070 бала білім алуда. Оның ішінде 76 оқушы "Қазақ ұлттық қыздар мектебінде" білім алып жатыр.

Ал Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Бердібек Таишев аталмыш жеке ұйымға өкілетті органдардан лицензия берілмегендігін және бұл ақпарат негізінде тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

Тексеру қорытындысы бойынша барлық қажетті шара қабылданады. Айта кетейік, Қазақстан зайырлы мемлекет болып саналады және барлық ұйым, соның ішінде жеке білім беру ұйымдары да қолданыстағы заңнаманы сақтауға міндетті, - деді Б.Таишев.
Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: