Іле Алатауының етегінен аңды тапқан ұлттық саябақ қызметкерлері бірден мамандарға жүгінген. Орынға Ұлттық саябақтың, Зоология институтының қызметкерлері мен зооветеринарлық дәрігерлер аттанды.
"Іздеу сәтті өтті, 23:50-де қар барысы табылды. Жануардың жағдайы өте ауыр екені анықталды. Оқиға орнында көмек көрсету мүмкін болмады, нақты диагностика қажет болды. Зерттеуге қажет материалдар тез арада алынды. Сосын жануарды Алматы хайуанаттар бағына жеткізу туралы шешім қабылданды, бірақ, өкінішке қарай, қазірдің өзінде кеш болды. Хайуанаттар бағына келген бойда барыс өлді", - деп хабарлады Алматы хайуанаттар бағы Instagram-дағы парақшасында.
Сараптаманы хайуанаттар бағының, ұлттық парктің, Зоология институтының және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қызметкерлері жүргізді.
"Қатты әлсіреп шаршаумен қоса жануардың асқазанынан көп гельминт, ПОЛИЭТИЛЕН ПАКЕТІ табылды. Жасы ұлғайған барыстың тістері тозып, толық аң аулай алмай қалған".Алматы хайуанаттар бағының баспасөз қызметі
Хайуанаттар бағы қызметкерлері Қазақстан халқын "табиғатты аялауға" шақырды.
"Осы оқиғадан сабақ ала отырып, басқа жануарлардың өмірін сақтап қалуға болады. Қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық жасау өте маңызды. Табиғат аясына шыққанда адамдар айналаны ластап, қоқыс тастамауы керек. Әсіресе түрлі тағамдардың иісі сіңген ПОЛИЭТИЛЕН ПАКЕТТЕР жануарлар үшін өте қауіпті. Жануарларға қамқор болып, оларды құтқару – баршамыздың міндетіміз бен жауапкершілігіміз. Біз бірге ғана табиғатты сақтай аламыз!", - деп жазды Алматы хайуанаттар бағының баспасөз қызметі.