Қазақстандық көліктер көбіне қай елдерге эскпортталады

Қазақстанда шығарылатын 100 көліктің 16-сы сыртқы нарыққа шығарылады

Қазақстандық автокөліктер негізінен Ресей мен Өзбекстанға экспортталады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Energyprom жүргізген зерттеу бойынша, 2021 жылдың 9 айында елімізде 61,8 мың жеңіл автокөлік шығарылған, ол өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артық.

Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығы таратқан дерекке сүйенсек, осы жылдың қаңтар-қазан айларында сыртқы нарыққа 9,7 мың автокөлік шығарылған. Сөйтіп жылдық өсім 60% болды. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға артық.

Бұдан Қазақстанда жасалған автокөліктердің 16%-ының экспортқа шығарылғанын бағамдауға болады. Былтыр жалпы өндірістің 10%-ы экспортқа шығарылған еді.

Қазақстандық автоөнеркәсіптегі негізгі экспорттық бағыт – Ресей. Ол жаққа 5,6 мың көлік жіберілген. Бір жылдың ішінде көрші елге шығарылатын автокөлік саны екі есе артты. Одан кейінгі орынды Өзбекстан алады. Ол жаққа 3,6 мың автокөлік жіберілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 13%-ға артық.

Бұл елдерден бөлек, қазақстандық автокөліктер Белорусь (464 автокөлік) пен Қырғызстанға (110 автокөлік) тасымалданған. Алайда бұл елдерге Ресей мен Өзбекстанға қарағанда аз көлік жіберілген.

Биыл алғаш рет Әзірбайжанға 2 автокөлік жіберілді.

Ең көп экспортталатын бренд – Chevrolet, бұл көлік Қостанайдың «СарыарқаАвтоПром» зауытында жиналады. Бір жылдың ішінде сыртқы нарыққа 4 мың Chevrolet шығарылыпты. Осы зауытта құрастырылатын JAC автокөлігінің биыл 2,3 мың данасы экспортталыпты.

Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытында құрастырылатын Hyundai маркалы жеңіл автокөліктің 3,5 мыңы экспортталған.

Қазақстан Алматы Нұр-Сұлтан Қостанай
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: