Депутаттар несиеге рақымшылық жасауды ұсынды

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Азамат Әбілдаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай несиелерге рақымшылық жасауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz

Мәжіліс депутаты келтірген дерек бойынша, қазіргі уақытта халықтың 27 пайызы банктердің алдында борышкер атанған. Ел тұрғындарының ипотекалық несие бойынша берешегі 2,716 трлн теңгеге болса, тұтынушылық мақсаттарға алынған несие 5,19 трлн теңгеге жеткен. Мерзімі өткен берешектің жалпы сомасы 199 млрд теңге екен.

...қылмыс жасап сотталғандарға рақымшылық жасап отырған мемлекетке қандай да бір оқыс оқиғаға ұшырауының салдарынан қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтарымызға неге қамқорлық жасамасқа?! Олар да біздің қоғамымыздың бір бөлшегі емес пе? Неге оларға да рақымшылық жасамаймыз? 199 млрд теңге – бұл мемлекет үшін көп қаражат емесДепутат Азамат Әбілдаев

Депутат халыққа банктер мен микрокредиттік ұйымдар тарапынан келтіріліп отырған қысымды сынға алып, соның кесірінен халықтың шарасыз күйге түскенін айтты.

Қазіргі таңда банктер мен микрокредиттік ұйымдар жанашырлық, қамқорлық білдіретін құндылықтарымыздан жұрдай, қарақшыдан да сорақы болып барады. Қарақшының өзі соңғысын тартып алмаған. Ал олар әлеуметтік көмек пен зейнетақыға да қол сұғып отыр. Сонда ол азамат қалай өмір сүрмек? Оған тек шарасыздықтан өз-өзіне қол жұмсау ғана қалады. Бұл – ащы болса да шындық.Депутат Азамат Әбілдаев

Азамат Әбілдаевтың бұл ұсынысын Азат Перуашев та қостайтынын жеткізді:

Мемлекет қылмыскерлерге рақымшылық жасаған екен, онда адал еңбек етіп, қаржылық төлемге қабілетсіздігінен қиын жағдайға тап болған адамдарға да көмектесуге болар еді деп есептейміз.Азат Перуашев

Азат Перуашев жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды жедел қабылдау қажеттігін де айтып өтті.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Қазақстан ҚР Ұлттық Банкі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: