23 сәуірде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалында жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін үшінші қондырғы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ауа райы қысқа мерзімге жақсарып, сүңгуірлер жұмысқа кірісіп, су асты құбыр желісі манифольды ашуға мүмкіндік туды, бұл аталған қондырғымен мұнайды айдау жұмыстарының басталуына түрткі болды.
Бұған дейін мердігерлік ұйым мен КҚК мамандары танкердің көмегімен айлақтағы сору құрылғысын жуып, зақымданған су асты шлангілерін ауыстырды, сондай-ақ барлық сору қондырғылары жүйесін сығымдау және жарамдылығын тексеру бойынша іс-шаралар сәтті іске асырылды.
Қазіргі уақытта DELTA Commander танкері үшінші қондырғыға келіп қосылып, мұнай толтырылып жатыр. Ал екінші қондырғы пайдаланудан уақытша шығып қалған. Біріншісі болса, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр .
2022 жылғы 21 және 22 наурызда қолайсыз ауа райынан кейін үшінші сору қондырғысының су асты шлангілерінің бірінің зақымданғаны анықталды.
Ақауды уақтылы анықтау және бүлінген қондырғы жұмысын тоқтату Қара теңіз акваториясында мұнайдың апаттық жағдайда төгілу ықтималдылығын болдырмауға мүмкіндік берді.
Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалы аймағындағы жағдайға Росприроднадзор мамандары да мониторинг жүргізді. Мұнайдың төгілу фактісі тіркелген жоқ.