Нан бағасы тағы қымбаттайды ма

Елімізде ұнның бағасы тағы қымбаттады. Бағаның бір жылда  41 процентке шарықтағаны, әсіресе наубайханашыларға ауыр тиіп, табысынан шығыны артқан кәсіп иелері шырылдап жүр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сәуле Ескендірова 5 жылдан бері нан өнімдерін пісірумен айналысады. Бірақ, қазір жағдай оған қиын болып тұр. Жыл басынан бері ол ұнды үш түрлі бағаға сатып алған көрінеді. Ақыр соңында кәсібі тұралаған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Қазіргі таңда ұнның 1 келісін 312 теңгеден алып жатырмыз. Алдында 250, 212 теңгеден алатынбыз. Жеке кәсіпкерлерге өте қолайсыз. Ұн қымбаттаған сайын өнімнің бағасын қымбаттатуға тура келеді. Бірақ, бағасын көтерсек халық ренжиді. Бағаны көтермей бір бағада ұстап отырмыз. Бізде табыс азайып жатыр. Кәсіпкер Сәуле Ескендірова

Халық та ұн бағасының қымбаттығына наразы. Енді ас атасы - нанның бағасы тағы өсе ме деп алаңдайды.

Қазір ұн бағасының ең жоғары өсімі Павлодар (12,8 %), Жетісу (12,4 %) және Батыс Қазақстан (11,9%) облыстарында байқалған. Диірменшілер мұның өз себептері бар екенін айтады.

Біріншіден, бағаның өсуін былтыр астықтың  аз жиналғанымен байланыстырамыз.  Сондай-ақ, наурызда бидайды Ресейге экспорттауға тыйым салынды. Осының барлығы ұн бағасының көтерілуіне себеп. ЖШС-ның коммерциялық директоры Олег Куртвапов

Ал, сала мамандары ресми дерек бойынша ұн құнының 20, бидайдың 60 процентке  қымбаттағанын айтады. Бұл - уақытша жағдай дегенге де сендіргісі келеді. Оған сыртқы факторлар әсер етіп отырғанға ұқсайды.

Жыл басынан осы уақытқа дейін дизель отыны 20 пайызға қымбаттап отыр. Бидайды, ұнды тасымалдайтын көлік болсын оның құралдары бізде өндірілмейді. Шетелден келеді. Доллар өсті. Одан кейін бидайдың бағасына сыртқы нарықтағы бағалар қатты әсер етеді. ҚР Сауда және Интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдәбеков

Жеті айдың қорытындысы бойынша, елімізде  ішкі нарықта ұн сатылымы 21 процентке азайған. Бірақ, бұл уақытша құбылыс дейді сарапшылар. Себебі, биыл   жиналатын астық көлемі былтырғыға қарағанда  едәуір көп болады деген болжам бар.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: