Орал халықаралық әуежайын ресейлік компания сатып алды

"Аэропорты регионов" УК қазақстандық серіктестерімен бірлесіп, Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайының оператор компаниясы - "Орал "халықаралық әуежайы" ЖШС-ны сатып алу жөніндегі келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

РБК мәліметінше, әуежайдың жылына қамтитын жолаушылар ағыны 300 мың адамнан асады. Ресейлік холдинг оны транзиттік хаб ретінде дамытуға ниетті.

"Әуежайдың Қазақстанның солтүстік-батысында бізге ыңғайлы орналасуы мұнда транзиттік тасымалдарды жүзеге асыруға және оның базасында өңірлік хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа инвестордың келуі және жетекші әуежай компаниясының құзыреттерін енгізу әуе торабын одан әрі дамыту үшін елеулі перспективалар тудырады", делінген компания хабарламасында.

Сондай-ақ, компания 2022 жылы Орал қаласында жаңа жолаушылар терминалы салынғанын атап өтті. Сондықтан инвестиция негізінен арнайы техникаға, технологияларға және сервистерге бағытталатын болады.

"Орал "халықаралық әуежайы" ЖШС-ның меншік иелері ресейлік "Ретранс" АҚ, "Орал менеджмент" ЖШС және қазақстандық кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаев болып табылады.

"Уральская неделя" басылымының дерегінше, "Орал менеджмент" ЖШС Сергей Артюгинге тиесілі. Сондай-ақ оның күн энергиясымен айналысатын Caspian Solar деген компаниясы да бар. Дәулетхан Қилыбаев Қазақстан даму банкінде, "ҚазАзот" АҚ-да басшылық қызметтер атқарған.

"Аэропорты регионов" УК - РФ территориясындағы өңірлік әуежайларды басқаруды жүзеге асыратын Ресей әуежай холдингі. Қазіргі уақытта холдингке келесі әуежайлар кіреді:

- "Кольцово" әуежайы (Екатеринбург қ.),

- "Курумоч" әуежайы (Самара қ.),

- "Чкалов" әуежайы (Нижний Новгород қ.),

- "Платов" әуежайы (Ростов-на-Дону қ.),

- "Гагарин" әуежайы (Саратов қ.),

- "Елизово" әуежайы (Петропавл қ.-Камчатский),

- "Новый Уренгой" әуежайы (Новый Уренгой қ.),

- "Ремезов" әуежайы (Тобольск қ.).

Бас директоры - Евгений Чудновский. Компанияның штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан.

Орал
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: