Қазақстан азаматтары үй сатып алу мен сатуды азайтқан

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы баспана сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес деңгейінен едәуір төмен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Биылғы жылдың 2023 жылғы наурыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 24 273 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 275 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 17 998 мәміле жасалды.

2023 жылдың ақпан айымен салыстырғанда (24 118) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,6%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (4 392 – 18,1%) және Астана (3 664 – 15,1%) қалалары әлі де көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз тіркелген – 247 (1%).

2023 жылдың ақпан айымен салыстырғанда наурызда ең көп өсім Солтүстік-Қазақстан (26,8%), Жетісу (26,4%) және Абай облыстарында (18,2%) тіркелді. Бір айдағы ең үлкен төмендеу Ақтөбе облысында (-18,6%), сонымен қатар, мәмілелер саны бойынша бірінші тұрғанына қарамастан, Астана қаласында (-12,9%) және Маңғыстау облысында (-11,1%) орын алды.

2023 жылдың наурызында көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны бойынша жағдай тұрақты (2023 жылдың ақпанымен салыстырғанда тек 0,3%-ға көбейген). Наурыз айында пәтерлер бойынша барлығы 17 998 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 74,1%-ы. Бөлмелер саны бойынша жыл басынан алғашқы рет екі бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, наурыз айында олардың 6 642-сі ресімделді. Сауданың негізгі үлесі Алматы және Астана қалаларына (41,5%) тиесілі.

2023 жылдың ақпан айымен салыстырғанда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 1,6%-ға (101 мәмілеге) өсіп, 6 275-ті құрады. Сандық мәнде ең үлкен өсім Алматы қаласында (+79 мәміле), ең үлкен төмендеу Маңғыстау облысында (-87 мәміле) байқалды.  

2023 жылдың наурызында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 64,2%-ға азайған, ол кезде 67 801 мәміле ресімделген болатын. Қарағанды облысында төмендеудің ең үлкен көрсеткіші (-79%) байқалды. Сонымен қатар, теріс көрсеткіш еліміздің барлық аймақтарында тіркелді. Теріс динамика биылғы қаңтар-наурыз айларындағы мәмілелер санының 2022 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда да орын алды және -50,8%-ды  құрады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: