Ұлттық экономика министрі 10 айда ел экономикасы қалай өскенін айтты

Биыл қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9% болды. Оның ішінде нақты сектор 3,8%, ал қызмет көрсету саласы 5,4% өсті.

Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сонымен қатар көлік көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6% болды. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда 58%, денсаулық сақтауда 40%, саудада 38%, білім беруде 18%, ауыл шаруашылығында 8,7%, өнеркәсіпте 8,3% өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалды. Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4% өсіп, 102 млрд доллар болды.

"Экспорт 57 млрд-тан астам доллар болып, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 18 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 44 млрд-тан астам доллар болды. Жалпы оң сауда балансы 13 млрд долларға тең. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2% өсті. Көрсеткіштің өсуі 12 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 27%, оның ішінде автомобиль жасаудың 42% және электр жабдықтарын жасаудың 31% өсуі қамтамасыз етілді". Ұлттық экономика министрі

Сонымен қатар өсу мына салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 2,9%, металл бұйымдары – 3,4%, құрылыс материалдары – 1,8%, сусындар өндірісі – 1,7%, пластмасса бұйымдары – 5,5%, жеңіл өнеркәсібі – 12%. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 6,1% жоғарылады. Бұл ретте газ өндіру 9,7%, мұнай өндіру 9,3%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 14% өсті. Металл кендерін өндіру 1,1%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету 2,3%, көмір өндіру 5,5% төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5% ұлғайды.

"18 өңірде оң өсу тіркелді. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында байқалды. Биыл қаңтар-қазанда 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 14% жуық жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау және Жетісу облыстарында, Астана және Алматы қалаларында тіркелді. Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,6% төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуі дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаюынан болды. Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарында, Алматы қаласында байқалды". ҚР ҰЭМ Әлібек Қуантыров

Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында мына шаралар ұсынылды.

  1. Экономика салаларында өсудің оң қарқынын сақтау жөніндегі шараларды іске асыру, егінді тасымалдау және сақтаудағы ықтимал проблемаларды шешуде жедел көмек көрсету;
  2. Экспорттаушыларды қолдау шараларын іске асыру арқылы отандық өнім экспортын белсенді ілгерілету;
  3. Биылға белгіленген инвестициялық жобаларды тиісті мерзімдерде аяқтау, жаңа инвесторлар тарту және оларды сүйемелдеу бойынша жұмысты жандандыру;
  4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу және инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шараларды іске асырудың тиімділігін бақылау;
  5. Бизнес өкілдерін кешенді қолдау және олар үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: