ЕАЭО елдері мен Иран еркін сауда туралы келісімге қол қойды

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Иран өзара еркін сауда-саттық туралы толыққанды келісімге қол қойды. Ол 2019 жылдан бері қолданылып келе жатқан уақытша келісімнің орнын басатын болады, деп хабарлайды Zakon.kz.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, қол қою рәсімі Санкт-Петербургтегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында өтті. Салтанатты рәсімде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасының төрағасы Михаил Мясникович, РФ вице-премьері Алексей Оверчук және Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Аббас Али-Абади қол қойды. Сондай-ақ келісімге Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстан өкілдері де қол қойды.

"Келісім одаққа мүше мемлекеттер оны ратификациялаған сәттен бастап ресми түрде күшіне енеді. Менің ойымша, ел парламенттері бұл процесті кешеуілдетпей, тезірек өткізеді", – деді Мясникович салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін журналистерге берген сұқбатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта келісімнің сауда және инвестициялық ережелерін іске асыру тетіктерін қалыптастыру бойынша практикалық жұмыс жүргізу қажет.

"Біз есеп-қисабын жасадық: қарым-қатынастың қазіргі даму деңгейінде бұл, ең алдымен, кедендік баждар, төлемдер төлеу кезінде үнем жасауға мүмкіндік береді, бұл ретте ресейлік бизнес те, ирандық бизнес те қомақы сомада үнем жасай алады. Әрине, бір-бірінің нарығына шығу үшін жақсы мүмкіндіктер жасалады", - деп атап өтті Оверчук.

Аббас Али-Абадидің пікірінше, келісім елдер арасындағы сауданы ғана емес, туризмді де дамытуға алғышарт бола алады. 

ЕАЭО мен Иран арасында еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісімге 2018 жылғы 17 мамырда қол қойылып, ол 2019 жылы 27 қазаннан бастап күшіне енді.

2023 жылы 25 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Санкт-Петербургке келіп жетті.

Қазақстан ЕАЭО
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: