Ол Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сілтеме жасай отырып, барлық өңірлерде әлеуметтік азық-түлік бағасының нөлдік өсу пайызы тіркеліп отырғанын жеткізді.
"Министрлік су тасқынынан зардап шеккен 10 облыста азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды. Сауда нысандарында көшпелі ревизия жүргізілді, азық-түлік және ең қажетті тауарлар қорлары тексерілді. Алдын ала деректер бойынша су басқан өңірлерде 80 сауда нысаны зардап шекті. Павлодар облысында - бір, Қостанай облысында - 22, Ақтөбе облысында - тоғыз, Атырау облысында - 35, Батыс Қазақстан облысында - 13 нысан", - деді Әлия Әбдірахманова.
Оның айтуынша, залал сомасы нақтылануда. Қалған өңірлерде жағдай тұрақты.
"Министрлік тұрақты негізде сауда желілерімен, үй жанындағы дүкендермен және көтерме сауда нүктелерімен өзара іс-қимыл жасайды. Күн сайын азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіледі. Министрлік ірі сауда желілерімен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бағаның өсу фактілері анықталған жағдайда 8(7172)74-37-35 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз", - деді ол.
Айта кетсек, алдында Денсаулық сақтау министрлігі су тасқыны салдарынан жұқпалы аурулардың пайда болу қаупі арту ықтималдығы қандай екенін айтқан болатын.