ЕАЭО-да 11 ақпаннан бастап тауар тасымалын бақылау үшін навигациялық пломбалар енгізіледі

Сурет: ҚазақстанТемірЖолы
2026 жылғы 11 ақпаннан бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында тауарларды тасымалдауды навигациялық пломбалар арқылы қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тасымалдарды бақылау ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2021 жылғы 19 сәуірде қол қойған және 2023 жылғы 15 наурыздағы Заңмен ратификацияланған "Еуразиялық экономикалық одақта навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім" аясында жүзеге асырылады.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бұл келісім ЕАЭО-ға мүше екі немесе одан да көп мемлекеттің аумағы арқылы тасымалданатын тауарлардың қозғалысын навигациялық пломбалар көмегімен бақылау тәртібін реттейді және логистикалық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ведомствоның хабарлауынша, келісімді іске асыру шеңберінде Қазақстанда ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілді, бақылаушы органдардың ақпараттық жүйелері жаңғыртылды, сондай-ақ автомобиль және теміржол көлігі арқылы жүзеге асқан пилоттық жобалар барысында өзара іс-қимыл тетіктері пысықталды.

Тасымалдарды қадағалау жөніндегі ақпараттық жүйенің ұлттық операторы ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарымен және ЕАЭО-ға мүше өзге мемлекеттердің уәкілетті операторларымен өзара әрекеттесуге өкілетті "Ғарыштық техника және технологиялар институты" ЖШС айқындалды.

Мемлекеттік кірістер департаментінде атап өткендей, ұлттық оператор АИС "Транзит" деп аталатын тасымалдарды электронды түрде бақылаудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін әзірлеген. Бұл жүйе пилоттық жобалар аясында сәтті сынақтан өткен. Жүйеде пайдаланушыға арналған "жеке кабинет" қарастырылған. Ол арқылы тасымал процесін басқаруға, сондай-ақ маршрут бойына тартылған ЕАЭО-ға мүше барлық елдердің ұлттық операторларының қызметтері үшін біріңғай төлем жасауға мүмкіндік бар.

Навигациялық пломбалар жүйесін енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл шаралар артық тексерулерді азайтуға, жүктердің бүкіл жол бойында сақталуын қамтамасыз етуге, тасымалдардың ашықтығын арттыруға және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бизнес өкілдерін, соның ішінде тасымалдаушыларды, экспедиторларды және тасымал процесіне қатысатын өзге де тұлғаларды, үздіксіз әрі кедергісіз логистиканы қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы мен ЕАЭО заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаев: Негізгі заңға жасалатын өзгерістер жаңа Конституция қабылдауды қажет етеді

Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореядағы зауыттағы өрт кезінде жоғалып кетті

Қазақстанның 12 қаласында ауа ластанады

Алматы тұрғыны жаңа Конституция туралы жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланды

Жаңаөзенде ер адам өзінің әйелін өлтірді деген күдікке ілінді - марқұмның артында жеті баласы қалды