Түркістанда оқушы бала пультпен жүретін сөмке ойлап тапты

Түркістандық Айтуар Советбек есімді оқушы өзі жүретін "ақылды сөмке" жасап шығарды. Сөмкені пультпен басқарып жүргізіп, шоқалақ жолдардан да оңай өткізуге болады. Бұл жөнінде Zakon.kz сайтына Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Төрткүл" жалпы орта мектебінде оқитын оқушы өзі ойлап тапқан сөмкені сабаққа ұстап барып, көпті таңқалдырды. Оған бұл ой мұқтаждықтан туған.

Айтуар бір жыл бұрын жол апатына түсіп, күрделі ота жасалған. Дәрігерлер ұзақ уақыт ауыр зат көтеруге тиым салыпты, тіпті кітап-дәптер көтеруге де болмайтынын айтқан. Сабақтан қалғысы келмеген озат оқушы тығырықтан шығар жолды өзі тапқан.

"Үйде жатып оқу қиын, қатарыңнан қалып қойғандай күй кешесің. Мектепке барайын десем денсаулығым жарамады, оқу-құралымды таситын бір адам керек. Ал үйдегілердің жұмысы бар, үнемі менің қасымда жүрмейді ғой. Сосын кітаптарымды тасу үшін пультпен жүретін сөмкем болса деп ойлап, оны алдымен қағаз, картоннан жасап көрдім. Пластмасса жәшігін одан басқа бірнеше материалды пайдаланып, тиімділігін тексердім. Ең бірінші сөмкем пластмассадан жасалды, кітап-дәптерлерімді салып мектепке дейін барамын. Ал сатыдан көтеруге сыныптастарым көмектеседі", – дейді Айтуар Советбек.

Сурет: Telegram/oqu_agartu

Айтуардың бұл идеясын анасы да қолдап, дизайннына мән береді. Ұлы ойлап тапқан сөмкенің сырт пішінін жасауға көмектескен. Қазір түркістандық оқушы жылжымалы сөмкені одан әрі дамыту үстінде, сатыдан өзі шығатын механизм жасап, өнімін сатылымға да шығару ойында бар.

Түркістан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: