Оның айтуынша, бірінші құрал - "Ұлттық қор – балаларға" енгізіліп қойды.
"Осы жылдың ақпан айынан бастап әр балаға арнайы шот ашылып, жинақ жасалып жатыр. Елімізде бұл құралды жоғары білім алу мақсатына қолдана бастаған алғашқы адамдар бар. Екіншісі - жыл соңына қарай "Келешек" жинақтаушы білім беру жүйесі іске қосылады. Бұл ерікті жүйе және отбасы өз еркімен баласының оқу ақысын алдын ала жинау туралы шешім қабылдайды... Оқуға түсер кезде жинақталған сомамен қатар "Ұлттық қор – балаларға" жинағы да кепілдік бола алады. Мұның бәрі бір шотқа жинақталады, ал егер бала грант ұтып алған болса, онда бұл ақшаны ол баспана сатып алуға жұмсай алады", деп нақтылады Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ жинақталған бұл соманы талапкер артынан өсіп келе жатқан іні-қарындас немесе бауыр-сіңлісіне тапсырып бере алады.
"Үшінші құрал - пайызсыз несие. Біз оны бірнеше екінші деңгейдегі банктермен және қаржы орталығымызбен бірлесіп заңнамалық тұрғыдан әбден зерделеп, пысықтадық, оны жылдың соңында ресми түрде іске қосамыз... Яғни, бұл арада АҚШ-тағыдай жоғары білім алу үшін пайызсыз несие алуға болады. Төртінші құрал - дифференциальды гранттар. Биыл гранттарды бөлу кезінде мұны сынақ ретінде іске қостық", - деп сөзін түйіндеді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін министр Оңтүстік Кореяның жетекші университеті Алматының жанындағы отандық ядролық физика институтының жанынан өз филиалын ашқысы келетінін айтқан болатын.