Өзбекстанда 2200 жыл бұрынғы грек жауынгерлерінің әскери лагері табылды

Сурет: pixabay
Археологтар жүргізген жаңа зерттеулердің нәтижесінде Өзбекстанның Сурхандария облысындағы Искандар Тепа тарихи ескерткіші шамамен 2200 жыл бұрынғы грек жауынгерлерінің әскери лагері болғаны анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған дейін ғалымдар бұл жерде тек шағын ғана көне қоныс болған деп есептеп келген.

Ескерткіш алғаш рет 2017 жылы табылған. Алғашқы қазба жұмыстары оның эллинизм дәуіріне жататынын көрсеткенімен, бұл орынның нақты қандай мақсатта пайдаланылғаны ұзақ уақыт белгісіз болып келген. Себебі сырт көзге оның әскери лагерь болғанын дәлелдейтін белгілер байқалмаған.

РБК Life басылымының мәліметінше, кейінірек зерттеушілер бұл аумақты магнитометрлер мен георадарлардың көмегімен қайта зерттеген. Соның нәтижесінде лагерьдің нақты шекарасы мен оны айнала қоршаған ор анықталған. Бұл ордың ұзындығы шамамен 400 метрді құрайды және 1,2 гектар аумақты қоршап жатқан.

Қазба жұмыстары кезінде археологтар ені 4–7 метр, тереңдігі 1 метрге дейін жететін ордың болғанын растады. Сонымен қатар ордың ішкі жағынан ағаш бағандар орнатылған шұңқырлардың іздері табылған. Мамандардың болжамынша, бұл бағандардың үстіне ағаштан жасалған қорғаныс қоршауы тұрғызылған.

Лагерь аумағынан ғалымдар жерге көмілген көптеген хумдарды – ірі қыш құмыраларды да тапқан. Зерттеушілердің пікірінше, олар су қорын сақтауға пайдаланылған.

Ескерткіштің нақты қай кезеңге жататыны табылған қыш бұйымдар, металл заттар және әсіресе көне тиындардың көмегімен анықталған. Археологтар тапқан тиындардың арасында грек-бактрия патшалары Диодот II, Евтидем I және Деметрий I дәуірінде соғылған ақшалар бар. Бұл олжалар лагерьдің біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырда жұмыс істегенін және біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырға дейін пайдаланылғанын көрсетеді.

Бұдан бөлек, ескерткіштің шеткі бөлігінен археологтар екі топқа бөлініп орналасқан 90-ға жуық сопақша шұңқырды анықтады. Ғалымдардың болжамынша, олар жерлеу орындары болған.

Қабірлердің бір бөлігі кейінгі кезеңге, яғни біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырдан біздің дәуіріміздің I ғасырына дейінгі уақытқа жатады. Зерттеушілердің айтуынша, кейбір адамдар бұрынғы әскери лагерьдің аумағына жерленген. Бұл лагерь қаңырап бос қалғаннан кейін оның орны зират ретінде пайдаланылғанын аңғартады.

Бұған дейін ғалымдар Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне жататын ежелгі мавзолейді тапқанын жазғанбыз.

Өзбекстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Берік Асылов еліміздің Бас прокуроры болып қайта тағайындалды

Жаңа Конституцияға орай рақымшылық жарияланды: кімдер қылмыстық жауаптылықтан босатылады

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді: өзгерістер хронологиясы

Қазақстанда айыппұлдарға рақымшылық жарияланды: МКК кімдерге жеңілдік берілетінін түсіндірді

Ерлан Қарин: Конституциялық Соттың шешімі қазіргі лауазым иелерін автоматты түрде қайта тағайындамайды