2023 жылдың шілде айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 111,1 келі 2 787 алтын құйма сатылды, делінген ҚР Ұлттық банктің сайтындағы ақпаратта.
Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,6 тонна 135 183 алтын құйма сатылды.
"Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 35 125 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 30 738 дана (23%), 100 грамдық құйма – 28 389 дана (21%), 20 грамдық құйма - 24 686 дана (18%), және 50 граммдық құйма – 16 245 дана (12%)", делінген хабарламада.
2023 жылдың шілде айында алтын құймалар көп сатылған өңірлер: Алматы (1 275 дана, 46%), Шымкент (756 дана, 27%) және Астана (151 дана, 5%).
Бағдарлама іске қосылғалы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 623,0 келі 23 710 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған құймалардың 18%-ы. Кері сатып алынған алтын құймалардың барлығы халыққа Ұлттық банктің филиалдары арқылы сатылады.