2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есепке жүргізілген талдау қорытындысы бойынша, ол бірқатар маңызды мәселелерге назар аударуға шақырды.
"Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ресурсқа тәуелділік Қазақстан экономикасына әлі де әсер етіп отыр. Біздің экономикамызға ықпал ететін негізгі факторлар: әлемдік мұнай бағасының төмендеуі, валюталық бағамдардың тұрақсыздығы (соның ішінде ресейлік рубльдің әлсіреуі), мемлекеттік шығындардың ұлғаюы, бұл өз кезегінде инфляция мен бюджеттік тапшылықтың артуына әкелуде. Экспорт құрылымында шикізаттық тауарлар айтарлықтай басым, бұл да экономиканы олардың әлемдік бағасының құбылмалылығына аса осал етеді", – деді Ләззат Рысбекова.
Оның айтуынша, шикізат бағасының өзгеруіне тәуелділік – көптеген мемлекеттерге, әсіресе шикізатты көп мөлшерде экспорттайтын елдерге тән өзекті мәселе.
"Халықаралық валюта қорының зерттеулеріне сәйкес, 2040 жылға қарай мұнай бағасы бір баррель үшін рекордтық төмен деңгей – 15 АҚШ долларына дейін түсуі мүмкін. Бұған электромобильдердің кең таралуы және іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден жаппай бас тарту себеп болады. ХВҚ-ның бағалауы бойынша, экономикасын дер кезінде әртараптандыра алмаған елдер ұзақ әрі ауыр дағдарысқа тап болады. Мұндай елдердің экономикаларын қалпына келтіруіне кем дегенде 20 жыл қажет болуы мүмкін", – деді сенатор.
Ол Қазақстан да мұнай экспорттаушы ел ретінде бұл тәуекел аймағында тұрғанын атап өтті.
"Өткен жылы Қазақстан экспортының жартысынан астамы шикі мұнайдан құралды. Бюджет кірістерінің шамамен жартысы да осы мұнайдан түседі. Соңғы айларда мұнай бағасының қатты құбылмалы екенін көріп отырмыз, бұл біздің экономикамызға және бюджет кірістеріне тікелей әсер етуде. ХВҚ егер батыл шаралар қабылданбаса, Қазақстанның шығыны 678 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін деп бағалап отыр. Сонымен қатар, қор экономикалық өсімнің баяулауына ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуындағы кідірістер, инфляциялық қысымның артуы және саудадағы протекционизмнің күшеюі сияқты факторларды да қауіп көзі ретінде көрсетуде", – деді депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселелер мұнай бағасының төмендеуі мен Қазақстанның сауда серіктестері саналатын елдердегі экономикалық өсімнің баяулауына қосымша қиындықтар туғызады.
"Яғни, болашақта мұнай бағасының жоғары болуы бізді құтқара алмайды. Біз алдын ала әрекет етуіміз керек. Ықтимал тәуекелдерге дайын нақты жауаптарымыз болуы тиіс. Жоғарыда айтылғандар отандық экономикалық модельдің әлсіздігін тағы бір мәрте айқын көрсетіп отыр. Мұнай бағасының төмендеуі кезінде республикалық бюджеттің осалдығы күрт артады. Сондықтан бүгінгі таңда ұлттық экономиканың тұрақтылығын арттыру және тәуекелдерді азайту мақсатында өндірісті және экономиканы терең әрі жедел әртараптандыру мәселесі өткір тұр. Дәл осы әртараптандыру экономиканың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, конъюнктуралық өзгерістер мен жекелеген нарықтарға тәуелділікті әлсіретеді", – деді Ләззат Рысбекова.
Бұған дейін Қазақстан баланың азаматтығын беру тәртібін қайта қарауы мүмкін екенін жазғанбыз.