Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстанның алтын-валюта резервтері тарихи ең жоғары деңгейге – 65,4 млрд АҚШ долларына жеткен, ал өткен жылғы табыстылық 43 пайызды құраған.
"Өткен жылы ішкі нарықтан 66 тонна алтын сатып алдық. Бұл бізді әлемде алтын сатып алу бойынша екінші орынға шығарды. Жыл соңында алтын портфелі 345 тоннаға жетті. Зейнетақы активтері 12%-ға өсіп, 25,1 трлн теңгені құрады. Ал БЖЗҚ-ның инвестициялық кірісі 1,8 трлн теңге болды", – деді Ұлттық банк басшысы.
Сонымен қатар, Ұлттық банкте Ұлттық қордағыдай жоғары табысты активтер үлесін арттыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, акциялар мен баламалы инвестициялық құралдардың үлесін көбейту көзделген. Бұл шаралар қордың ұзақ мерзімді табыстылығын арттыруға бағытталған.
"Зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін қамтамасыз ету үшін алмастыру коэффициентін арттыру қажет. Бұл, өз кезегінде, БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын алынатын қаражаттың шекті мөлшеріне қойылатын талаптарды қатаңдатуды талап етеді", – деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы халықтың қарыздану деңгейін төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да айтқан болатын.