Журналистер бұл өзгеріс бірнеше зейнетақы қорының пайда болуына әкелмей ме және Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын дұрыс басқара алмай жатыр дегенді білдіре ме деп сұрады.
"Мұндай реформа 2023 жылы енгізілген. Сол кезде азаматтарға өздерінің жеке шотындағы қаражаттың 50%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі берілген. Алайда бұл мүмкіндік кеңінен қолданылмаған – қазір жеке басқаруда 100 млрд теңгеден аз қаражат ғана бар. Сондықтан бұл үлесті 100%-ға дейін арттыру – қисынды қадам". Тимур Сүлейменов
Оның сөзінше, әр адам өз жинағын қайда беретінін өзі шешуі керек: не оны тұрақты әрі сақ саясат ұстанатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) қалдыруға болады, не тәуекелі жоғары, бірақ табысы көбірек болуы мүмкін жеке қорларға беруге болады.
"Бұл – әр азамат өзі қабылдай алатын шешім, оған ешкім кедергі жасамауы керек. Сондықтан мен салымшының қалауымен жинақтың 100%-ын жеке басқаруға беруге мүмкіндік болғанын қолдаймын. Шағын портфельді басқару оңайырақ: шешімдерді тез қабылдауға болады, жағдайға қарай инвестицияны жылдам өзгертуге мүмкіндік бар. Бұл да артықшылық. Егер мұндай өзгеріс заңмен бекітілсе, ол болашақ зейнеткерлер үшін тиімді болады. Себебі таңдау көп болса – бәсеке артады, ал бәсеке болса, қорлар жақсы жұмыс істеп, зейнетақыға түсетін табысты көбейтуге тырысады", – деді ол.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдағанын жазғанбыз.