5 маусымда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 1 пайыздық тармаққа төмендетіп, 17% деңгейінде қалыптастырды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметінше, осыдан кейін банктер депозиттердің кірістілігін түзете бастады.
"Шешім қабылдауға Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің өзгеруі, нарықтың басқа қатысушыларының мөлшерлемелері, сондай-ақ халықтың депозиттерін тарту мен қорландыруға жұмсалатын шығындар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттілігі әсер етеді", – деп мәлімдеді ҚДКБҚ.
Негізгі өзгерістер жинақ депозиттеріне қатысты болды.
Маусым айында толықтыру мүмкіндігі бар жинақ депозиттері бойынша шарттарды 7 банк қайта қарады. Толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ депозиттері бойынша 9 банк өзгеріс енгізді. Салыстырып қарасақ, мерзімсіз депозиттер бойынша мөлшерлемелерді 4 банк өзгертті. Толықтыру мүмкіндігі бар мерзімді депозиттер бойынша да 4 банк өзгеріс енгізді.
Сонымен қатар кейбір банктер қысқа мерзімді депозиттер бойынша тартымды кірістілікті сақтап қалды.
Толықтыру мүмкіндігі бар жинақ депозиттері бойынша да, толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ депозиттері бойынша да ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бұрынғыдай жылдық 20,5%-ға дейін жетеді. Толықтыру мүмкіндігі бар мерзімді депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 20%, ал мерзімсіз депозиттер бойынша 16,9% деңгейінде.
Қысқа мерзімді депозиттердің кірістілігі төмендеді
Банктердің ұсыныстарына жүргізілген мониторинг мамыр айымен салыстырғанда нарықтағы кейбір қатысушылар қысқа мерзімді депозиттердің кірістілігін 0,5–1,5 пайыздық тармаққа төмендеткенін көрсетті.
Соған қарамастан, ең тиімді ұсыныстар бұрынғыдай жылдық 20–20,5% аралығында қалып отыр.
Мерзімсіз депозиттер бойынша:
- ең жоғары мөлшерлеме – 16,9%;
- орташа мөлшерлеме – 15,2%;
- ең төменгі мөлшерлеме – 13%.
Толықтыру мүмкіндігі бар мерзімді депозиттер сегментінде де ең жоғары кірістілік өзгермей, жылдық 20% деңгейінде сақталды. Дегенмен кейбір банктер қысқа мерзімге орналастырылатын депозиттердің мөлшерлемелерін төмендетті.
"Кейбір банктер әзірге күту ұстанымын сақтап, бәсекелестерінің әрекеттерін бақылап отыр. Осы уақытша кідірістің салдарынан мөлшерлемелердің төмендеуі келесі айда да жалғасуы мүмкін", – деп атап өтті ҚДКБҚ.
Қордың мәліметінше, ұзақ мерзімге ашылатын депозиттер бойынша мөлшерлемелердің едәуір төмендеуі банктердің ұзақ мерзімді қорландыру құнын азайтуға ұмтылып отырғанын көрсетеді. Бұл нарықтың алдағы уақытта ақша-несие саясатының ұзақ мерзімді перспективада одан әрі жұмсаруы мүмкін деген күтулерімен байланысты.