Ведомство нақтылап өткендей, бұл норма мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуден бас тартатынын білдірмейді.
"Тарихи тұрғыдан алғанда, мемлекеттік кепілдік институты азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялау стратегиясына дербес ықпал ету мүмкіндігі болмаған кезеңде енгізілді. Мемлекет инвестициялық саясатты айқындап, салымшылардың өз қаражатын басқару құқығын шектегендіктен, нақты инвестициялық табыстылық пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу жөніндегі міндеттемені өз мойнына алған болатын. Қазіргі таңда салымшыларға инвестициялық басқарушы компанияны және инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау құқығы берілгендіктен, мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық әрі экономикалық негіздемесі өзектілігін жоғалтады", делінген хабарламада.
Еңбек министрлігі басқарушыны өз қалауымен таңдаған салымшы күтілетін табыстылықты, тәуекелдерді және активтерді басқару шарттарын өзі бағалап, инвестициялық шешімді дербес қабылдайтынын айтады. Мұндай жағдайда салымшының өзі қабылдаған инвестициялық шешімдердің нәтижесі үшін мемлекетке өтемақы төлеу міндетін жүктеу мемлекеттік ресурстарды әділ пайдалану қағидаттарына сәйкес келмейді.
"Сонымен қатар мемлекеттік кепілдік біржолғы өтемақы сипатында берілетінін және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне әсер етпейтінін ескерген жөн. Сондықтан аталған кепілдіктің сақталуы зейнетақымен қамсыздандырудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ететін негізгі фактор болып табылмайды. Сонымен бірге ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты жауапкершіліктен бас тартатынын білдірмейді. Зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болады", делінген ресми түсініктемеде.
Бұған дейін қазақстандықтардың салық жүктемесін төмендету жоспарланып отырғаны хабарланған.