Қазақстандықтардың салық жүктемесін төмендету жоспарланып отыр
Фото: Zakon.kz
Жаңа Салық кодексінің негізгі жаңалығының бірі – салық шегерімдері жүйесін жетілдіру және азаматтарға салық жүктемесін азайту.
Атап айтқанда, ай сайын 30 АЕК мөлшерінде, бірақ күнтізбелік жылда 360 АЕК-тен аспайтын базалық салық шегерімі енгізілді. Ол жеке тұлғаның салық салынатын кірісін азайтады, демек, төлеуге жататын ЖТС сомасын азайтады. Бұдан басқа, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бойынша шегерімдер сақталды.
Отырыс барысында қызметкердің табыс мөлшері шегерім сомасынан төмен болған жағдайларда базалық салық шегерімін қолдану мәселесі қаралды. Бұрын қолданыста болған Салық кодексі күнтізбелік жыл шегінде салық шегерімдерінің асып кетуін келесі айларға ауыстыруды көздейтін. Кодекстің жаңа редакциясында мұндай норма жоқ.
Сонымен бірге, мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жаңа норманың идеологиясы азаматтарды, ең алдымен табысы төмен қызметкерлерді ай сайынғы қолдау шарасы ретінде базалық салық шегерімін беру болып табылатынын түсіндірді.
Сондықтан базалық салық шегерімі әрбір күнтізбелік ай үшін жеке қолданылады және пайдаланылмаған соманы кейінгі салық кезеңдеріне ауыстыруды көздемейді. Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті келесі күнтізбелік кезеңдерге базалық салық шегерімінің асып кетуіне жол берілмейтінін растайтын ресми түсініктемелер дайындайды деп шешілді.
Бұған дейін 2027 жылдан бастап ипотекалық несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі жаңа тәртіппен есептелетіндігін жазғанбыз.