Қазақстанда заңсыз балық аулағандар 16,2 млн теңгеден астам айыппұл төледі
Фото: unsplash
Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов 2026 жылғы 9 шілдеде өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте балық шаруашылығы саласында анықталған құқық бұзушылықтар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, еліміздің барлық өңірінде жыл сайын "Уылдырық шашу" балық қорғау акциясы өткізіледі.
"2026 жылы акция барысында 815 әкімшілік хаттама толтырылып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 16,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар 1,9 тонна заңсыз ауланған балық тәркіленді. Бұдан бөлек, жыл сайын Жайық–Каспий бассейнінің су айдындарында Ішкі істер органдары мен ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп "Бекіре" кең ауқымды балық қорғау акциясы өткізіледі", – деді Серік Сермағамбетов.
Оның мәліметінше, 2026 жылы аталған акция барысында 1239 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 33 материал тіркелді. Сондай-ақ 840 келі балық, 134 аулау құралы және 25 жүзу мен көлік құралы тәркіленді.
Сонымен қатар биылғы жылдың 1 наурызы мен 31 мамыры аралығында дәстүрлі "Таза су айдындары" табиғатты қорғау акциясы өткізілді.
"Акция аясында су айдындарынан иесіз қалған 4976 ау шығарылып, 380,3 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналды. Іс-шараға 5500-ден астам адам қатысып, 1594 арнайы техника жұмылдырылды", – деп қосты комитет төрағасы.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript