Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені төмендетті

Фото: пресс-служба Национального банка РК
Бүгін, 2026 жылғы 4 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімін қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады.

"Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,25% деңгейінде, +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім болжамдық раундтың нәтижелеріне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдер теңгеріміне негізделді", – делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Базалық мөлшерлеме неге төмендетілді

2026 жылғы тамызда жылдық инфляция 9,8%-ға дейін баяулады. Дезинфляциялық үдеріс 11 ай қатарынан жалғасып келеді.

Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеді. Бұған жемістер мен көкөністердің айтарлықтай арзандауы, сондай-ақ импорттық бағаның төмендеуі әсер етті.

Теңге бағамының нығаюы аясында азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,4%-ға дейін баяулады. Реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқынының біршама төмендеуіне байланысты қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9%-ға дейін азайды.

Тамызда айлық инфляция шілдедегі деңгейде қалып, 0,6%-ды құрады. Маусымдық факторлардан тазартылған инфляция 0,7%-дан 0,9%-ға дейін өсті. Базалық инфляция 0,7% деңгейінде сақталды.

Халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық болжамы маусымдағы 13,4%-дан шілдеде 12,1%-ға дейін төмендеді. Бұл қосылған құн салығының өсуіне, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтері мен азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты алаңдаушылықтың бәсеңдеуімен байланысты. Алайда жанар-жағармай бағасының өсуі халықтың инфляциялық болжамына көбірек әсер ете бастаған.

Нарықтың кәсіби қатысушылары 2026 жылдың соңында инфляция 10% деңгейінде болады деп болжап отыр.

Сыртқы сектордағы ахуал тұрақсыз күйінде қалып отыр. Таяу Шығыста жалғасып жатқан қақтығыс энергия ресурстары бағасының жоғары болуына ықпал етіп, сыртқы инфляциялық қысымды күшейтуде. Осыған байланысты әлемнің жетекші орталық банктері қатаң ақша-кредит саясатын ұстанып отыр.

Астық пен өсімдік майының қымбаттауына байланысты әлемдік азық-түлік бағасы біршама өсті. Ал ет бағасы ұзақ уақыттан бері алғаш рет төмендеді.

Ресейде инфляция жоғары деңгейде сақталып отыр. Жанармай нарығындағы іркілістерге байланысты инфляцияның үдеу қаупі әлі де бар. Биыл шілдеде негізгі мөлшерлеме төмендетілгеніне қарамастан, Ресей банкінің ұстанымы қатаңдай түсті.

Еуропалық одақта энергия ресурстарының қымбаттауына байланысты инфляция біршама жеделдеді. Еуропалық орталық банк соңғы отырысында мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды.

АҚШ-та инфляция баяулағанымен, әлі де нысаналы деңгейден жоғары. Осыған байланысты Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені өзгеріссіз сақтап отыр.

2026 жылға арналған инфляция болжамы өзгерген жоқ. Ұлттық банк инфляция 9-11% аралығында болады деп күтеді. Баға өсімінің баяулауына біршама қатаң ақша-кредит шарттары мен теңгенің тұрақты бағамы ықпал етеді. Сондай-ақ 2026 жылғы қыркүйекте ең төменгі резервтік талаптарды көтерудің соңғы кезеңі инфляцияны қосымша тежеуге тиіс.

2027 жылға арналған инфляция болжамы бұрынғы 5,5-7,5%-дан 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді. Бұған сыртқы инфляцияның өсуі, реттелетін бағалар бойынша алғышарттардың қайта қаралуы және фискалдық ынталандырудың күшеюі себеп болды.

Сонымен бірге жинақталған қатаң ақша-кредит саясаты инфляциялық қысымды шектеп, баға өсімінің одан әрі баяулауына ықпал етеді.

2028 жылы сыртқы инфляциялық ахуалдың тұрақтануы, фискалдық шоғырлану, ішкі сұраныстың қалыпқа келуі және инфляциялық болжамдардың төмендеуі нәтижесінде инфляция 5% нысаналы көрсеткішке жуық деңгейде тұрақтайды деп күтіледі.

Инфляциялық тәуекелдер теңгерімі әлі де инфляцияның өсу жағына қарай ығысқан. Негізгі тәуекелдер фискалдық ынталандырудың күшеюі аясында ішкі сұраныстың ұлғаюына, тұрақталмаған инфляциялық болжамдарға, сондай-ақ жанар-жағармай бағасы мен тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің әрі қарай өзгеруіне байланысты.

Сыртқы тәуекелдер геосаяси шиеленістің ықтимал күшеюі салдарынан әлемдік азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуіне қатысты болып отыр.

Базалық сценарий бойынша 2026 жылға арналған жалпы ішкі өнімнің өсу болжамы өзгерген жоқ және 4,5-5,5% деңгейінде бағаланып отыр. Квазимемлекеттік ынталандыру бағдарламаларын іске асыру аясындағы жоғары инвестициялық белсенділік пен тұрақты тұтынушылық сұраныс экономикалық белсенділікті қолдай береді.

Ұлттық банктің алдыңғы болжамдық раундтағы алғышарттарымен және Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының бұрынғы параметрлерімен салыстырғанда, 2027 жылы фискалдық ынталандыру көлемі артады деп күтіледі. Бұл инвестициялық және тұтынушылық белсенділікке қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар Теңізшевройлдағы жөндеу жұмыстарының 2026 жылдан 2027 жылға ауыстырылуына байланысты мұнай өндіру көлемінің болжамы төмендетілді. Бұл ішкі сұраныстың кеңею әсерін ішінара тежейді. 2027 жылы ЖІӨ өсімі 4,5% шамасында болады деп болжанып отыр.

2028 жылы салалық және жүйелі реформаларды іске асырудың нәтижесінде, фискалдық ынталандырудың жоспарлы түрде кеңеюіне, сондай-ақ мұнай өндіру мен экспорт көлемінің қалпына келуіне байланысты ЖІӨ өсімі 4-5%-ға дейін жеделдейді деп күтіледі. Бұған дейін өсім 3,5-4,5% аралығында болжанған.

Қазіргі инфляция мен инфляциялық болжамдардың оң динамикасы Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда 2027 жылға арналған болжамдардың қайта қаралуына әсер еткен инфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшеюіне байланысты базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі.

Сурет: ҚР Ұлттық банкі

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім қашан жарияланады

"Алдағы шешімдер инфляция туралы жаңа деректер, оның болжамды траекторияға сәйкестігі, ішкі сұраныстың серпіні, инфляциялық болжамдар мен реттелетін бағалар, сондай-ақ фискалдық және квазимемлекеттік ынталандырудың ауқымы мен әсері ескеріле отырып қабылданады. Ақша-кредит саясаты 2028 жылы инфляцияны орта мерзімді 5% нысаналы көрсеткішке дейін төмендетуге бағытталады", – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Реттеушінің мәліметінше, Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 23 қазанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Айта кетейік, 2026 жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені осымен үшінші рет қатарынан төмендетіп отыр. Бұған дейін 5 маусымда мөлшерлеме 18%-дан 17%-ға, ал 24 шілдеде 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетілген еді.

Қазақстан
ҚР Ұлттық Банкі

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан бүгін 12 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Алматыда жаңа туған сәбиін тастап кеткен әйел ұсталды

Димаш Құдайберген қарындасының 25 жасқа толуына орай ерекше сыйлық жасады

Біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік – Тоқаев