Қазақстанда қанша криптоайырбастау пункті жұмыс істейді және олардың айналымы қанша – Ұлттық банк

Фото: unsplash
Елімізде криптовалюта нарығы қарқынды дамып келеді. Жаңа қаржы ұйымдарының алғашқы жұмыс нәтижелері мен цифрлық активтерді дамыту жөніндегі алдағы жоспарлар Қаржыгерлер конгресінде таныстырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Криптоайырбастау пункттері арқылы қанша қаражат өтеді?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстанда криптовалюталарды заңды түрде айналымға енгізу және нақты активтерді токенизациялау үшін нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қажетті заңға тәуелді актілер күшіне енді. Сонымен қатар Орталық бағалы қағаздар депозитарийі базасында цифрлық қаржы құралдарымен жұмыс істеуге арналған инфрақұрылым құрылды.

"2026 жылғы шілдеде алғашқы криптоайырбастау пунктіне лицензия берілді. Қазір елімізде осындай сегіз ұйым жұмыс істейді. Олардың айналымы 45 миллиард теңгені құрады", – деді Тимур Сүлейменов.

Криптоиндустрияны дамыту цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Президенттің 2026 жылғы 8 шілдедегі Жарлығы криптовалюталардың реттелетін айналымына және токенизацияланған экономиканы дамытуға жағдай жасауды көздейді.

Бұл ретте жылжымайтын мүлікті, бағалы металдарды, пайдалы қазбаларды және дебиторлық берешекті токенизациялауға ерекше назар аударылып отыр. Бұл технология нақты активтермен қамтамасыз етілген цифрлық құралдарды шығаруға және сол арқылы қаржы тартуға мүмкіндік береді.

Цифрлық мемлекеттік облигациялар қашан шығарылады?

Келесі кезеңде мемлекеттік облигацияларды токенизацияланған форматта шығару жоспарланып отыр. Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесіп, бұл жұмысты 2027 жылдың екінші тоқсанында жүзеге асыруды көздейді.

Мұндай қаржы құралдарымен алғашқы операциялар да жүргізілді. 9 қарашада Ұлттық банк Қазақстан қор биржасында (KASE) қысқа мерзімді ноталарды дәстүрлі және цифрлық форматта қатар орналастырды.

Эмиссияның жалпы көлемі 50 миллиард теңгені құрады. Оның 10 миллиард теңгесі токенизацияланған ноталарға тиесілі. Бағалы қағаздардың айналыс мерзімі – 91 күн, ал орналастырудың орташа алынған кірістілігі жылдық 15,72 пайыз болды.

"Бұл сауданың сәтті өтуі тетікті одан әрі кеңейту үшін инфрақұрылым мен барлық институционалдық шешімдердің толық дайын екенін сынақтан өткізгенімізді білдіреді", – деді Тимур Сүлейменов.

Алдағы уақытта токенизацияны бағалы қағаздар нарығында ғана емес, нақты активтердің әртүрлі түрлерімен қамтамасыз етілген инвестиция тарту кезінде де қолдану жоспарланып отыр.

Бұған дейін біз қазақстандықтардың шетелде жасаған ақша аударымдарының саны қаншалықты өскені туралы жазған болатынбыз. Олардың жалпы айналымы 4 триллион теңгеден асқан.

Қазақстан
ҚР Ұлттық Банкі

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Самұрық-Қазына" және ҚТЖ басшыларының ұсталуы: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді

Метрода қырқысқандар жазаланды. Біреуі қамауға алынып, екіншісіне айыппұл салынды

Бокстан жасөспірімдер Олимпиадасы: Ақнұр Тұрсынғали күміс медаль иеленді

"Көктайғақ, тұман, қатты жел". Жұмада еліміздің 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанның үш туристік нысаны әлемдегі үздік 100 орынның қатарына енді