Жүйені алдауға тырысқан: DamuBala жүйесінде неліктен кідіріс болғаны айтылды

10 мамыр күні сағат 18:00-де балаларды тегін секциялар мен үйірмелерге қабылдаудың екінші кезеңі іске қосылды, бірақ жүйе кідіріспен жұмыс істеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бағдарлама операторының айтуынша, кідіріске кейбір провайдерлердің жүйені алдап, бір уақытта жүздеген баланы жазу әрекеті себеп болған.

"Жүйеге қайталанатын бір реттік сұраулардың саны секундына 600 мыңнан асатыны анықталды. Бұл сұраулар жасалған нақты IP мекенжайлар бар. Платформаның процесі баяулады, өйткені ол мұның барлығын ұйымдасқан шабуыл немесе боттың сұрауы ретінде қабылдап, соған сәйкес әрекет етті", – деп түсіндірді бағдарлама операторлары.

40 минуттық баяу жұмыстан кейін платформа сұрауларды тұрақты түрде өңдеуді жалғастырды. Нәтижесінде сағат 18:00-ден бастап 25 мыңнан астам бала кезекке тұрды.

DamuBala операторлары жүйе тұрақты жұмыс істейтінін, кезек тоқтаусыз қалыптасып отырғанын алға тартады. Ал бір уақытта бірнеше жүздеген баланы тіркеуге әрекет жасаған провайдерлер тексеріледі.

"Ата-аналарға мынаны ескерткіміз келеді: ЭСҚ мен парольді, сондай-ақ DamuBala-дағы жеке кабинетіңіздің паролін үшінші тұлғаларға бермеңіз. Құпия деректеріңізді, сіз үшін қол қою мүмкіндігін біреуге сеніп тапсыра отырып, өз басыңызды тәуекелге тігесіз, бөтен адам ЭСҚ арқылы сіздің атыңыздан несие рәсімдеп, мүлкіңізді өз атына жазып алуы мүмкін.  Бір IP мекенжайынан бір уақытта бірнеше сұрау салуға әрекеттенетін адамдар, сондай-ақ оларға пайдаланушы деректерін сеніп тапсыртаындар, ең алдымен, басқа балалар мен ата-аналарға зиян келтіреді", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бірінші кезең 3 мамырда өтті. Ол кезде 15 мың адам өтініш бере алды.

Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: