Министрлік орман өртінің басты себебі ретінде өрт қаіпсіздігі ережесін бұзуды және найзағай салдарын атады. Табиғи апаттар сынды дала өрттері де үлкен аумақтарды қамтиды. Сондықтан оларды сөндіруден гөрі, алдын алу оңайырақ.
"Орман өрттерінің пайда болуына жол бермеу мақсатында азаматтар өте мұқият болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға тиіс. Өрт қауіпсіздігінің барлық ережесі мен нормасын сақтай отырып, сіз өзіңізді және жақындарыңызды жалпы апаттан - ормандағы өрттен қорғайсыз", - делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарламасында.
Өрт қаупі бар маусымда орман қоры аумағында мына әрекеттерге тыйым салынады:
1) жас қылқан жапырақты ағаштарда, ескі өртеңдерде, бүлінген орман учаскелерінде (жел, дауыл құлатқан), кесілген ағаш қалдықтары мен дайындалған сүрек жатқан кеспеағаштарда, шөбі қурап қалған жерлерде, ағаштар ұшарбасының түбінде от жағуға тыйым салынады;
2) жанып тұрған шырпыны, темекі тұқылын тастауға және темекі тартатын трубкалардан ыстық шоқтарды қағып түсіруге болмайды;
3) аң аулау кезінде тез немесе бықсып жанатын материалдардан жасалған оқ тығындарын пайдалануға тыйым салынады;
4) жанармай заттары сіңген сүрту материалын олар үшін арнайы көзделмеген орындарда қалдыруға болмайды;
5) іштен жанатын қозғалтқыш жұмыс істеп тұрғанда отын багына жанармай құюға, оталғышының май шашу жүйесі бұзылған машиналарды пайдалануға, жанармай құйылып жатқан машиналардың жанында шылым шегуге немесе ашық отты пайдалануға тыйым салынады.
Еске сала кетейік, ормандағы өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін әкімшілік, ал өрт болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.