Тас жолдың жиегіне тоқтаудың қауіпті екені ескертілді
Сурет: «"ҚазАвтоЖол" ҰК» АҚ
Мамандардың айтуынша, жолда бірнеше минутқа тоқтап, телефон қоңырауына жауап беру немесе тамақтанып алу – жиі кездесетін жағдайлар. Алайда автомагистральде мұндай кезде арнайы белгіленген алаңды таңдау қажет. Өйткені жол жиегі кең болғанның өзінде, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктерден қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды.
Қазақстанның Жол жүрісі қағидаларына (ЖЖҚ) сәйкес, автомагистральдерде "Тұрақ орны" немесе "Демалыс орны" белгілерімен белгіленген алаңдардан тыс жерде тоқтауға тыйым салынады. Бұл талап "Автомобильдерге арналған жол" белгісі орнатылған жолдарға да қатысты.
"Қараңғыда, жаңбыр немесе қар жауып тұрған кезде тоқтап тұрған көлікті алдын ала байқау қиындайды. Әсіресе көлік ағыны жағынан түсу немесе жүріс бөлігіне жақын тұру өте қауіпті. Сондықтан үзіліс пен демалысты алдын ала жоспарлап, ол үшін арнайы қарастырылған орындарды пайдаланыңыз", – деп ескертті "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ өкілдері.
Егер амалсыздан тоқтауға тура келсе, мынадай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет:
- Апаттық жарық сигналын қосыңыз. Мүмкіндік болса, көлікті жүріс бөлігінен оң жаққа, оның шетін белгілейтін сызықтан әрі қарай шығарыңыз.
- Жақындап келе жатқан көлік ағыны жағынан апаттық тоқтау белгісін қойыңыз. Елді мекеннен тыс жерде белгі көліктен кемінде 30 метр қашықтықта орналасуы керек. Сонымен қатар ол басқа жүргізушілер дер кезінде әрекет ете алатындай қашықтықтан көрінуі тиіс.
- Көліктен түсер алдында қосымша қауіпсіздік үшін жарық шағылыстыратын кеудеше киіңіз. Жағдай мүмкіндік берсе, көлік ағынына қарама-қарсы жақтан түсіп, қоршаудың арғы жағындағы қауіпсіз жерге барыңыз. Қозғалыс жолақтарын кесіп өтпеңіз.
- Шұғыл көмек қажет болса, 112 нөміріне қоңырау шалыңыз. Республикалық маңызы бар жолдардағы жағдай туралы 1403 нөмірі арқылы ақпарат алуға болады.
Бұған дейін Астанада бұзылған көлігінің жанында тұрған жүргізушіні көлік қағып, оның қаза тапқаны туралы жазған едік.