Бұған дейін тәртіп сақшыларының бұл көмекшілері Алматы мен Елордадағы арнайы орталықтардан жеткізілетін. Ерекше иіс сезу мен жыбырлағанды байқау Мэггиге тән қасиет.
Кинологиялық орталықтағы ең егде ит екі жүздей қылмыстың ашылуына үлес қосқан. Ал мынау - Динго.
Төртаяқты салпаңқұлақтан облыс бойынша жалғыз шабуылдаушы осы. Бельгиялық овчарка аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау операцияларына қатысады.
Оқсауыт кигендіктен қару дауысынан жалтарып кетпейді. Кинологиялық орталықта қазір 21 иісшіл ит бар.
Бірі есірткі табуға дағдыланса, енді бірі жарылыс заттарын анықтап із кесуге үйретілген. Бірақ жеті қазынаға баланғандардың қызмет ету мерзімі шектеулі.
Негізі бұйрық бойынша 8 жыл қызмет жасау керек үйретілген саласы бойынша. 8 жылдан кейін қасиеттерін жоғалта бастайды. Содан кейін жаңартуымыз керек. Сондықтан қазіргі уақытта асыл тұқымды иттерді көбейтуді қолға алып жатырмыз. Иттерді ұстайтын ұяшықтарды және жаңадан күшіктендіру, босандыру орындарын салу жоспарда бар. Бағлан Бисен, облыстық ПД кинологиялық орталық басшысы.
Кәрі иттердің орнын басатын күшіктер де өсіп қалды. Оларды күтіп-баптау және арнайы дағдыларды үйрету оңай емес. Дегенмен итбегілер аз уақытта тілалғыштықты үйретуге бар шеберлігін салып жатыр.
Екі айлық кезінен бастап кинологтарға бекітіліп беріледі. Өз егесіне үйренгесін, бала сияқты өзгелерді жатырқап қалады. Бір адамға бағынып, сол кинологтың ғана бұйрығын бұлжытпай орындауға үйренеді. Күшікті қызметтік ит ретінде дайындау өте қиын процесс. Үздіксіз жаттығу нәтижесінде ғана көмекшіге айналады. Азиз Арифов, кинолог.
Осыдан 20 жыл бұрын облыста тек жалғыз иісшіл көмекші болса, қазір 40-қа жақындап қалды. Ақылды иттердің көмегімен өткен жылы 219, ал биыл 10 қылмыс әшкереленді.