Өзгенің жүрегін салдырған қазақстандық қыз донордың ата-анасымен жолықты

Көптен күткен кездесу. Басқа адамның жүрегін салдырған қазақстандық Дильназ сол жүректің иесінің ата-анасымен жолықты. Олар арнайы шақыртумен Үндістаннан ұшып келді. Шетелдік қонақтарды Исан әулеті ерекше сән-салтанатымен күтіп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Көкшетаулық Дильназ Исанға туа бітті жүрек ақауы диагнозы қойылған. Ата-анасы оған донор іздеп, кезекке қойыпты. Осыдан 7 жыл бұрын Үндістанда ем алып жатқанда, жүрек беретін адамның табылғаны айтылады, деп жазады qazaqstan.tv.

Бауырсақ. Қымыз. Шашу. Ұлттық киімдегі қыздар мен толқып тұрған адамдар үндістандық қонақтарды күтіп алуға жиналған. Дильназға екінші өмір сыйлаған баланың ата-анасына Қазақстанның мәдениетін көрсетпек болыпты. Донордың жанұясы қыздың отбасымен танысқылары келген. Төрт жыл бұрын ота жасалған ауруханадағы дәрігерлерден науқас туралы мәлімет алып, қыздың анасына хабарласады. Олар елге жыл алдын келгісі келді. Бірақ оған пандемияға кедергі болды.

Хабарласып, бізбен кездескілері келетінін айтты. Сосын Қазақстанға шақырдық, олар шақыртуымызды қуана-қуана қабыл алды. Олар үшін баласының бір бөлшегі өмір сүріп жатыр. Біз 4 жылдан бері ол отбасымен араласамыз. Әрі қарай да қарым-қатынасымыз нығая түседі деп ойлаймын. Анар Исан, Дильназдың анасы

Донордың есімі - Адет. Үндістандық бала жол-көлік апатынан көз жұмған. Ата-анасы мен екі бауыры бар. Қазақстанға алғаш рет сапарлаған әпкесінің айтуынша, інісі көңілді, ашық-жарқын бала болған. Жалпы, жасөспірімнің ағзалары Дильназдан бөлек 5 балаға өмір сыйлапты.

Біз інімізді ешқашан ұмытпаймыз, үнемі ортамызда жетіспей тұрады. Дильназ туралы туысқан ағамыз айтты, баланың әрі қарай өмір сүре алмайтынын түсіндіріп, басқа адамдарға өмір сыйлау мүмкіндігі бар деді. Жағдайды естіген соң ата-анамыз ағзаны беру туралы шешім қабылдады. Арья Полсон, донордың әпкесі

Қазір Дильназ 17 жаста. Арманы ағылшын тілін терең меңгеріп, Үндістанға оқуға түсу. Бұдан бөлек, қыздың анасы жан-жақты қолдау көрсеткен елдің Денсаулық сақтау министрлігіне алғыс білдірді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: