Үндеу Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайтында жарияланды. Ассамблея мүшелері қазақстандықтарды дұшпандық пен зұлымдықты насихаттайтын арандатуларға ермей, елдегі бейбітшілік пен халық бірлігін сақтауға және нығайтуға шақырды.
Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Украина елшісі Петр Врублевский мырзаның қазақстандық блогерлердің біріне берген сұхбатында айтқан сөздерін қатаң айыптаймыз және ондай сарындағы мәлімделерге жол беруге болмайды деп санаймыз. Бейбітшілік пен бірлік – біздің мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидасы. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды, – делінген Ассамблея үндеуінде.
Дипломатия – өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі тиіс. Қазақстанның біртұтас көпэтносты халқы үшін достық, өзара көмек және бейбітшілік қағидалары мызғымайтын ұстаным. Олар бізге Тәуелсіздігіміздің қалыптасуының ең қиын жылдарында да этносаралық қақтығыстардың алдын алып, еліміз бен халқымыздың тұтастығын сақтауға көмектесті.
Өшпенділікті қоздыратын кез-келген пікір, этностық жек көрушілік пен оның қандай болмасын көріністерін насихаттау – біз үшін жат ұғым. Барлық қазақстандықты дұшпандық пен зұлымдықты насихаттайтын арандатуларға ермей, ұрпақтың бүгіні мен болашағы үшін елдегі бейбітшілік пен халық бірлігін сақтауға және нығайтуға шақырамыз, – делінген үндеуде.