Ақтөбе қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңес облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтті

Оған Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, «Қазақстанның урбанистер қауымдастығы Q88» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қауымдастық төрағасы Ерлан Әукенов қоғамдық кеңістіктерді, қаланың саябақ аумақтарын абаттандыру мақсатында жүргізілген талдау нәтижелерін ұсынды, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды, саябақтарды, скверлерді және спорт алаңдарын реконструкциялау жөніндегі жобаларды таныстырды.

«Q88 урбанистер Қауымдастығы қызметінің басым бағыттарының бірі Қазақстан қалаларында урбандалудың озық әдістерін енгізу болып табылады. Көптеген қалалардағыдай, Ақтөбеде де қоғамдық кеңістіктерде сәулет пен қоршаған ландшафт үйлесімінің жоқтығы байқалады», - деп атап өтті сарапшылар.

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Таныстырылым барысында сарапшылар қала көшелеріне 10 арт-нысан, шағын сәулет нысандары орнатуды және муралдар салуды, алаңдарды, саябақтарды жайластыру дизайнын ұсынды. Қоғамдық кеңістікті дамыту жобасы аясында Ұшқыштар институты аумағында ашық аспан астындағы ұшақтар мұражайын, амфитеатрды, балалар алаңын орналастыру ұсынылды. Астана саябағының аумағында Жастар саябағы, Тәуелсіздік даңғылының бойында ұзындығы 2,5 км. бульвар пайда болады. Ал Бөкенбай батыр көшесімен халықаралық әуежайға барар жолда сармат дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі тарихымызды баяндайтын арт-нысандар орнатылады. Ақтөбедегі көп қабатты үйлердің қабырғаларына Димаш Құдайбергенге арналған муралдар салу ұсынылды.

«Димашты еліміздің бренді деп атауға болады. Ақтөбе - оның кіші Отаны, оның өнеріне тәнті болған фанаттары біздің қалаға жиі келеді. Біз үшін - бұл туризм саласын дамытуға жақсы мүмкіндік. Біз оны барынша пайдалануымыз керек. Сондықтан облыс орталығы барлық талаптарға сай және демалыс үшін барынша қолайлы болуы тиіс», - деп атап өтті Е.Тоғжанов және тиісті басқармалардың басшыларына осы бағыттағы жұмысты бастауды тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшысы қоғамдық кеңістіктер мен тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланың ескі бөлігіндегі аула аумақтарын абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет деп санайды.

Осыған байланысты Жанқожа батыр, Некрасов, Кереев көшелерінде рекрациялық аймақтар құру және теміржол вокзалы аумағы мен аулаларды абаттандыру жобаларын талқыланды.

Таныстырылымды тыңдаған Ералы Тоғжанов жобаларға түзетулер енгізіп, жүзеге асыру мерзімдерін нақтылауды тапсырды.

«Қала халқы жыл санап өсіп келеді. Ақтөбеде кең ауқымды іс-шаралар өткізу үшін бір уақытта кемінде 15 мың адам бас қосатын орын болуы керек. Ол үшін Елек өзенінің жағалауы ұсынылып отыр. Бұл жұмыстарға қазірден кірісу қажет. Тұрғындар бос сөздерді, құрғақ уәделерді естіп қана қоймай, нақты жұмысты көруі керек», — деп түйіндеді облыс әкімі.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: